Руханият

Қазақстандық спортшы Мария Бровкова байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионатында жеңімпаз атанды

Венгрияда өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Мария Бровкова чемпион атанды. Бұл туралы Қайық федерациясы хабарлады.

 

Мария Бровкова 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында сынға түскен. Ол 1000 метрге каноэмен есуден финалда бақ сынап, 4:35.69 уақыт көрсеткішінде мәреге бірінші болып келді. Бұл Марияның мансабындағы алғашқы алтын жүлде. Сондай-ақ, бұл ескек есуден Қазақстан әйелдер командасының тарихында қоржынға түскен алғашқы алтын медаль.

Күміс жүлдені Венгрия, қоланы Португалия спортшылары иеленген.

“Мария Орал қаласының тумасы. Ол өзінің анасы Елена Бровкованың қоластында жаттығады. Марияның әпкесі Анастасия да бапкерлік қызметте жүр. Бұған дейін Бровкова Азия чемпионатына қатысып, күміс медаль иеленген. Ал әлем чемпионаты ол қатысып отырған екінші халықаралық жарыс”, – деп жазды Спорт Шредингера Telegram арнасы.

Айта кетелік, ескек есуден жастар арасындағы әлем біріншілігі Венгрияда өтіп жатыр.

Марияның жетістігі – тарихи жеңіс. Байдаркамен есуден Азия ойындарының жеңімпазы, қазақстандық Илья Голендов жас спортшының жеңісін жоғары бағалады.

“Әлем чемпионатының жеңімпазы әрі қола жүлдегері – Мария Бровкова. Сегед қаласындағы есу каналында сынға түсу үлкен бақыт. Ал бұл каналда жеңіске жету дегеніміз адам сенгісіз жайт! Шын жүректен құттықтай отырып, Марияға бұл жетістікпен тоқтап қалмауды тілеймін. Алда жарысқа толы үлкен спорттық өмір күтіп тұр. Әрбір жарыс біздің командамызға тек қуаныш сыйласын! Алға, Қазақстан!”, – деп жазды Голендов.

 

Басқа материалдар

Back to top button