Қазақстандағы 2022 жылдың қорытындысы: демонополизациялау, көлеңкелі айналыммен және бағаның өсуіне қарсы күрес

Өтіп бара жатқан жылды қорытындылайтын кезекті материалда Primeminister.kz редакциясы Үкіметтің отандық экономиканы дамыту, оған сыртқы және ішкі жағымсыз факторлардың әсерін азайту жөніндегі қадамдары туралы деректер келтіреді.

2022 жылы мұқым мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да бұрын-соңды болмаған экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Геосаяси шиеленіс жағдайында өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарының бұзылуы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеліп, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне, ал бұл өз кезегінде инфляцияның көтерілуіне себеп болды.

Жылдың екінші жартысына қарай келеңсіз факторлардың жиынтығы Қазақстандағы экономиканың өсу қарқыны мен іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келетіні белгілі болды. Сонымен қатар Үкіметтің жоспарлы әрі дәйекті іс-қимылдарының арқасында сыртқы факторлардың зардаптарын едәуір азайтып, экономиканың одан әрі өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік туды.

Негізгі «экономикалық» көрсеткіштер

Ел экономикасының қорытындысына арналған шолуды негізгі көрсеткіштерден бастаған жөн. Мәселен, биылғы 11 айда ЖІӨ 2,7%-ға өсті, сыртқы тауар айналымы 34%-ға, яғни $111 млрд-қа дейін, экспорт 45%-ға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35%-ға өсті. Оң сауда балансы 2 есе өсіп, $31 млрд-қа жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,6%-ға ұлғайды.

Білім беру, сауда, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты экономиканың негізгі салаларына тартылған инвестициялар едәуір өсті.

Инфляцияға қарсы күрес

2022 жылы туындаған негізгі өзекті мәселелердің бірі азық-түлік бағасының өсуі болды. Қымбатшылық Қазақстан сияқты экономикасы дамушы елдерге ғана емес, сондай-ақ Еуроодақ, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты орнықты экономикалық аймақтарға да әсер етті. Мәселен, қарашадағы жағдай бойынша АҚШ-та инфляция 7,1%-ға, ал азық-түлік бағасы 10,6%-ға өсті. Осы кезде ЕО-да инфляция 11,1%-ға жетіп, ал азық-түлік бағасы 17,9%-ға көтерілді. Ал біздің елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,3%-ға өскен.

Сыртқы экономикалық келеңсіз факторлардың салдары енді сезіле бастаған көктемнің басында Үкімет қажетті жедел шараларды қабылдады. Атап айтқанда, өңірлерге бағаны ұстап тұрудың неғұрлым тиімді нарықтық тетіктерінің бірі – «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу міндеттелді.

«Айналым схемасы» – азық-түлік өндірушілері мен сауда объектілеріне жеңілдікпен несие беру. Есесіне олар тауарларды белгіленген бағамен сатуы керек болады. Талдау нәтижелері маусымаралық кезеңде «айналым схемасына» қатысушы сауда объектілеріндегі өнімдердің бағасы нарықтағы орташа деңгейден төмен екенін көрсетті.

Бұдан басқа, барлық өңірде делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссиялар құрылды, рұқсат етілген 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау үшін дүкендер мен ірі объектілерге мониторинг басталды, нарықта монополияға қарсы белсенді іс-қимылдар жүргізілді.

Осы және басқа да шаралар, соның ішінде Қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарын қабылдау бағаның өсуін айтарлықтай тежеп, оң нәтижесін көрсетті.

Тамыз айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Олар нарықтық механизмдерге сай келіп, қымбатшылықтың салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталды. 

Осы кезеңнен бастап бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктерді қайта форматтау басталды. Атап айтқанда, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтыру үшін «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағыттау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар делдалдық схемаларды зерттеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылды, өйткені дәл осы ұзын-сонар делдалдар тізбегі бөлшек саудадағы өнімдер бағасының кейде 60%-ға дейін өсуіне себепші болып отыр.

Оған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне бақылау функцияларын беру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді, ал бизнеспен өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтіндей етіп, бөлшек саудадағы бағаларды бекіту ережелері келісілді.

Бұл жұмыс, соның ішінде жаңа заманауи көкөніс қоймаларын салу, алдағы егіннің көкөністері мен жемістерін жеткізуге келісім-шарт жасау, ішкі нарықты импорттық өнімнің демпингінен қорғау бойынша жұмыстар келесі жылы жалғасын табады.

Шағын және орта бизнесті дамыту

Биыл «таза парақтан бастап» бизнесті реттеудің түбегейлі жаңа тәсілдерін іске асыру Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі болды.

Мәселен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнеске кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда экономиканың түрлі салаларында жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейтін 10 мыңға жуық талаптар анықталды. Келесі жылдың басында нормативтік база жаңа тәсілдерге сәйкестендірілетін болады.

Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматтандыру арқылы тексерістен бұрын заң бұзушылықтардың алдын алуға көшуді көздейтін мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі басталды. Профилактикалық бақылауды жоспарлауға адамдар араласпайтын болады, тек проблемалық субъектілерге көңіл бөлінеді. Нәтижесінде 2023 жылдың ортасына қарай 62 бақылау саласы автоматтандырылады. Реттеушілік саясаттағы жаңа тәсілдер толыққанды 2024 жылдың басында іске қосылады.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар басқа да шаралар қабылданды. Мәселен, моноқалаларда, шағын елді мекендерде және ауылдарда 5% жеңілдікпен шағын несие беру енгізіліп, 1%-дан бастап мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен несие беретін ШОБ-ты қолдаудың өңірлік бағдарламасы іске қосылды, сондай-ақ батыс және оңтүстік өңірлер үшін 5% жеңілдікпен несие беріле бастады. Несиелеудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді, бұл бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік берді және қолдау көрсету кезінде салалық тәсіл енгізілді.

ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.