«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы басталады

Еліміздің еңсе көтеріп, егемендік алуына елеулі үлес қосқан тұлғалар аз емес. Оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін насихаттауда түрлі шаралар атқарылып жатқаны айқын. Солардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы.

«Мен бүгінгі замандас­тары­мыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең… Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деген Елбасы мақаласындағы осы бір жолдар жобаның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.

Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары құрылған болатын. Солардың қатарында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен бірігіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының басты органы ретінде белгіленгенді. Өткен жұма күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жетекшілігімен аталған жоба жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Табысты болу – атақ­ты болу деген сөз емес. Табыс­ты адамдардың бәрі танымал емес. Сондықтан, біздің жоба­мыздың мақсаты – олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көр­сету, көпшілікке таныстыру. Жоба­ның аты айтып тұрғандай, біз Қ­азақстанға әлі танылып үл­гермеген жаңа есімдерді іздеп та­буы­мыз керек. Осы бағытта жұ­­мыс жүргізіп жатырмыз», деді.

Өз сөзінде Ақпарат және ком­­му­ни­кациялар министрі жур­налис­тер қауымына арнайы қайырыл­ды. Олардың кәсіби қыз­меті барысында әртүрлі тағдыр­лы жандармен жүздесіп, таны­мал болмаса да тағылымды іс жаса­ған кейіпкерлермен жиі кезде­сетінін тілге тиек етті. Журна­листердің жазған мақалалары­нан, жасаған репортаждарынан үндемей жүріп үлкен іс тындырып жатқан азаматтарды саралап, жаңа есімдерді табуға болатындығын қаперге салды.

Ал Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орынбасары Дар­хан Мыңбай өз сөзінде жо­ба­ның жүйелі жүзеге асуы үшін жан-жақты талқылау керектігін тілге тиек етіп, оның ел ертеңі үшін өзекті боларын алға тартты.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» – бұл шындығында да бұрын-соңды болмаған жоба. Ол еліміздің дамуына үлес қосқан адамдарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Бірақ оларды іріктеу барысында біржақты қарамай, азаматтың тұлғалық қабілетіне де баса назар аударатын боламыз. Тұлғаның бойында іскерлік, адамгершілік, білім, мәдениет деген ұғымдар болуы міндетті. Оның жүрегінде осындай қасиеттер болғанда ғана ол басқаларға үлгі бола алады. Жұмыс тобы осыларды қалай анықтаймыз деген сұрақтың жауабын табу жолында жұмыс жасайды», деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.

Жобаға үміткерлерді іріктеу барысында еліміздің барлық аймақтары қамтылатын болады. Жалпы, жобаға қатысты ұсыныстар 2017 жылдың 5 маусымына дейін қаралады. Жобаға қатысты «ЕL.kz» сайтының ая­сында «Қазақстанның бет-бейнесі болғым келеді» айдарын ашу жоспарланып отыр. «Қазақстандағы 100 жаңа есімді» іріктеу үшін «ЕL.kz» порталында жаңа функция іске қосылады. Ол нағыз мультимедиалық порталға айналады. Порталда 100, 200 немесе 500 емес, барлық табысты адам­дарды орналастырсақ деген ұсыныс бар. Кез келген адам қалаған уақытында сайтқа кіріп, Қазақстанның жаңа есімдерімен таныса алады», деді Дәурен Абаев.

Арнайы жұмыс тобының оты­рысына қатысушылар жаңа есімдерді іріктеу, саралау сә­тінде сан түрлі саланың тізгінін ұстаған білікті мамандар мен ерен еңбегімен көзге түскен жандардың қамтылуы керектігін бірауыздан мақұлдады. Басқалай айтқанда, аталған жобаға қаты­су­шылардың қай-қайсысы да қазақ­стандықтарға үлгі болатындай тұлға болуы тиіс. Сонымен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды бастады. Ендеше, біз де іске сәт дейміз.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

(«Егемен Қазақстан» газетінен)

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.