Спорт

Қазақстан құрамасында – рекордтық нәтиже

Қазақстан ұлттық құрамасы Париждегі XVII Паралимпиада ойындарын рекордпен аяқтады. Біздің құрама спортшылары дүбірлі додадан тоғыз медаль еншілеп, Токиодағы үздік көрсеткішін жаңартты. Оның ішінде, Қарағандыдан барған қос қатысушы Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова ел үмітін ақтап, қоржынға қола салды.

Сурет: instagram.com/kazparalympics

Сонымен, жарыс жолын алтынмен бастаған Давид Дегтярев болды. Ол пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түсіп, 188 келіні еркін көтерді. Дегтярев Токиодағы ойындарда да жеңімпаз атанған. Сөйтіп, ол Қазақстан тарихында екі дүркін Паралимпиада чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы спортшыға айналды. Ядро лақтырудан көп елдің арасынан көш бастағандар қатарында қарағандылық Дастан Мұқашбеков бар. Ол қола медаль алып, ел үмітін ақтады. Ал, паралимпиадалық дзюдодан 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек алтын алып, чемпион атанды. «Ақмаралдың бұл жеңісі әуелден белгілі болған» дейді бапкерлер. Бұған дейін Ақмарал әлемдік деңгейдегі дзюдошылар Отгонцэцэг Галбадрах, Әбиба Әбужақынова сынды дзюдо шеберлерін оңай жеңіп жүрген көрінеді. Тек бірнеше жыл бұрын көзінен ауыр зақым алып қалады. Десек те, қазақстандық балуан қыз қайтпас қайсарлыққа салып, спорттағы мансабын парадзюдошылар арасында жалғастырады. Нәтижесінде әлемдік бәсекеде алтын алып, ел абыройын асқақтатты.

Расында, Паралимпиада ойындары арасында ел қоржынына салынған медальдің көбі дзюдо күресінен. Мұнда 5 медаль бар. Осы дзюдодан ерлер сапында белдескен Ерғали Шамей де күміс тұғырды бағындырып, ел сенімін ақтады. Сонымен қатар, 90 келі салмақ сапында Франция спортшысы Насер Зорганиді таза иппонға түсірген Жұрқамырза Шүкірбеков қола медальға ие болды. Жерлесіміз Даяна Федосова 57 келі салмақта түрік қызы Донду Есилюрттің жауырынын жер қаптырып қоланы қанжығалады. Тағы бір дзюдошы Зарина Раифо да 70 келі салмақтан жоғары белдесіп, италиялық Каролина Костодан басым түсті. Одан бөлек, нысана көздеуден Еркін Ғаббасов елге олжа салса, жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс алып, күллі қазақтың тақиясын аспанға аттырды.

2021 жылы өткен Токио Паралимпиада ойындарында қазақстандықтарға бір алтын, үш күміс және бір қола медаль бұйырған-ды. Ал, 2016 жылы Риода өткен Паралимпиадада біздің құрамаға тек бір алтын және бір күміс бұйырды. Биыл ел құрамасы үшін жемісті болып, қатысушылар Алаш абыройын ақтады.
Тоғыз спорт түрінен 33 жолдама алған Қазақстан құрамасы Парижге 44 спортшы алып барып, 39-орынды тұрақтады. Жалпыкомандалық есепте 99 алтын медаль жеңген Қытай көш бастап тұр. Екінші орында – 47 алтыны бар Ұлыбритания, үшінші орында – 36 алтыны бар АҚШ. Орта Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге өзбек спортшылары қол жеткізді. Олар 10 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан бірде-бір медаль алмады.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button