Спорт

Қазақстан – Беларусь: тарихи жеңіс

Қазақстан футбол құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының V турында Беларусь құрамасын қабылдап, 2:1 есебімен ұтты. Бұған дейін қазақстандық футболшылар беларусьтарды жеңіп көрмеген. Өз алаңында жеңіске жеткен жерлестер топтық кезеңде топ жарып, В дивизионына жолдама алды. Сонымен қатар, ЕУРО-2024 лигасының іріктеу ойындарында өнер көрсетеді.

 

«Астана Арена» стадионы лық толды. Отандастарымыз осыған дейін беларусьтермен 6 мәрте кездессе де асығы алшысынан түспеген. Ал, осы кездесуде тек – жеңіс қажет. Себебі, жеңістің артында үлкен жолдама мен мүмкіндіктер. Жеребе бойынша қазақстандықтар Әзірбайжан, Словакия, Беларусь футболшыларымен үшінші топқа түскен. Жерлестеріміз алғашқы 3 ойынды өз пайдасына шешіп, бірінші айналымда І орынға көтерілген. Алайда, өзінен кейінгі орында тұрған қарсылас құрамамен ұпай айырмашылығы – 3 ұпай. Бұл – бір тең ойын көрсетсеңіз, қарсыластар ұпай санымен иық тірестіреді деген сөз. Ал, бізге есепте алға шығу – маңызды.

Отандастар төрешінің ысқырығы естілісімен, допты ойынға қосты. Жауапты ойында мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. М.Адиев те шәкірттеріне осылай деп айтса керек. Ойын басталысымен допты иеліктеріне алды. Ойын қыза түсіп, бірлі-екілі мүмкіндіктер де болды. Алайда, ойынның 10-шы минутында жартылай қорғаушы Бақтияр Зайнутдиновқа ойын тәртібін бұзғаны үшін «сары қағаз» көрсетті. Ал, бұл футболшы үшін қиын жағдай.

Жігіттердің шабуылы бұнымен аяқтала қойған жоқ. Қорғаушы Михаил Габышев 29-шы минутта өзіне асырылған пасты қақпаға бағыттап, алғашқы голдың авторы атанды. Қарсылас команда да қарап қалмай соғылған жалғыз голға жауап қайтарды. Бірінші таймның аяқталуына 3 минут қалғанда айып алаңынан асырылған допты Павел Савицкий басымен қақпаға бағыттап, есепті теңестірді.

Ойынның қызған тұсы – 2-ші тайм. Қос команда тың ойыншыларын алаңға шығарып, шабуылды үдете түсті. 79-шы минутта қарсылас команданың қорғаушысы жіберген қателікті алаң иелері өз пайдасына шешіп, есепті 2:1-ге жеткізді. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгермеді. Қос тарапта мүмкіндіктер көп болса да, қақпашылардан айласын асыра алмады.

Ойынның соңына дейін қос команда 7 «сары қағазын» алған. Отандасымыз Асхат Тағыберген ойын аяқталар тұста екінші «сары қағаз» алып, ойын алаңынан қуылды. Ұлттық құрама барлық кездесуде 11 ұпай еншілеп, топтық кезеңнен шығып тұр. Алда 25 қыркүйекте Әзірбайжан құрамасымен екінші кездесуі бар.

Ал, ұтылған беларусьтер турнир кестесінің соңғы орнына, словактар 6 ұпаймен ІІІ орынға табан тіреді. Ал, әзірбайжандар отандастарымыздан 6 ұпаймен артта қалып, топта ІІ орынға көтерілді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button