Руханият

Қазақ сұлтандарының тарихи суреті табылды

Редакциямызға есімі Арқа жұртына белгілі өлкетанушы Асылбек Алтыновтан хат түсті. Онда «Ortalyq Qazaqstan» газетінде жариялауды ұсынған, ағылшын азаматының мұрағатынан алынған қазақ сұлтандарының фотосуреті туралы жазылған. Мәлімдеуінше, олар қазақ тарихындағы елеулі тұлға Әз-Тәуке ханның ұрпақтары Жәңгір төре мен Жұмабек төре. Төрелер – Арқа жеріндегі беделді тарихи тұлғалар және елге сіңірген еңбегі зор. Қазақ сұлтандарының суреті ағылшындарда қайдан жүр? Хат авторы бұл туралы қайдан білді және ағылшын азаматынан қалай алды? Үңіліп көрелік…

Аса құнды тарихи жәдігер туралы жазарда ақырын жүріп, анық басуды қаладық. Қазақ тарихында Тәуке сұлтан және Әз-Тәуке хан, бірнеше Жәңгір хан бар. Алдымен, Асылбек Алтынов ұсынған төрелердің шыққан тегіне тоқталсақ.

Жәңгір төре – Әз-Тәукенің ұлы Семеке ханнан тарайды. Нақтыласақ, Әз-Тәуке – Сәмеке хан – Есім хан – Құдайменде сұлтан – Қоңырқұлжа сұлтан – Бегалы сұлтан – Жәңгір төре. Жәңгір төре – Ақмола уезі, Шерубай-Нұра болысының болысы болыпты. Арғын тайпасы, Қуандық бұтағы – Алтай ішіндегі Қареке руын 15 жылдай басқарыпты. Кейін Бұғылы болысын басқарып, елге еңбегі сіңген. Жылқы өсірумен айналысып, 17 мыңдай жылқы айдаған ауқатты әрі беделді тұлға болыпты. Қазақтың жақсы-жайсаңдарына да шарапаты тиген. Қазіргі Шет ауданы Өспен кенішінен шыққан кенді (Нілді болысы) Спасск зауытына (Спасск болысы) өз болысының аумағы һәм ауылы арқылы жеткізген (қазіргі «Красная Поляна» ауылы, Шет ауданы). Қарамұрын станциясы маңында Жәңгір төренің атымен аталатын ауыл бар екен. Сол маңайда мешітте салғызыпты.

Жәңгір төре

Ал, Жұмабек төре – Әз-Тәукенің ұлы Болат ханнан тарапты. Әз-Тәуке – Болат хан – Әбілмәмбет хан – Болат хан – Бөлен сұлтан – Жабағы сұлтан – Жұмабек төре. Ол Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылында тұрған. Жұмабек төре ұлдарымен Спасск комбинатында материалдық-техникалық жабдықтаумен айналысып, Өспен кені өнімдерін, Қарағанды көмірін Спасскіге шанамен, арбамен жеткізіп отырған. Олар дайын мысты Ақмола мен Петропавлға, одан кейін Еуропаға пойызбен тасымалдап, Қазақстанның революцияға дейінгі өнеркәсібін дамытуға атсалысқан.

Байқасақ, Жәңгір һәм Жұмабек төренің елге сіңірген еңбегі орасан. Жәңгір төренің Сәкен Сейфуллинді жасырғаны хақында да деректер бар. Ал, Жұмабек төре атындағы ауыл Қарағанды-Балқаш тас жолы бойында облыс орталығынан шыға берісте тұр. Енді, суреттердің табылуына тоқталайық.

«Өлкетанумен айналысып, шежірені зерттей келе, дереккөздерде 1916 жылы АҚШ-та шыққан Н.Феллдің «Russian and Nomad» кітабына сілтемені жиі кездестіретінмін. Осы кітапты сәті түсіп жақында тауып алдым. Онда менің аталарым Әз-Тәуке ханның ағайынды ұрпақтары Жәңгір төре мен Жұмабек төре сұлтандарының фотосуреттері бар. Кітапты профессор Жамбыл Артықбаевтың Facebook желісіндегі жазбасынан кейін таптым. Н.Фелл 1903-1908 жж. Спасск кешенін басқарған. Оның құрамына Спасск мыс қорыту зауыты, Қарағанды көмір және Өспен кеніші кіреді. Ол отбасымен бірге Спасскіде тұрып, күнделік жүргізіп, айналаның бәрін суретке түсірген. Бұл ақпаратты Ю.Поповтың «Қарағанды және оның төңірегі» кітабынан алдым», – дейді Асылбек Алтынов.

Ал, Ж.Артықбаев «Шүлен тарту» атты мақаласында Жәңгір төре туралы, әкесінің Жәңгірдің немересі Сұлтанмен дос болғаны және олардың XX ғасырдың 30-жылдарында бірге қуғын-сүргінге ұшырап, бір лагерьде болғаны туралы көптеген жақсы дүние жазғанын ел біледі. Хат иесі Асылбек Алтынов Жамбыл Артықбаевқа әлеуметтік желіге жариялаған аталары жөніндегі жазба үшін алғыс айтып, одан жақсы сапалы фотосуреттерді қайдан табуға болатынын сұраған. Өйткені, кітаптағы суреттің сапасы төмен болғандықтан, адамдардың түрін нақты ажырата алмапты.

Жұмабек төре

«Ж.Артықбаев мырза фотоның түпнұсқасы Англияда тұратын Н.Феллдің шөбересі Джейми Вэнсте екенін айтты. Д.Вэнспен хабарлассам, ол Уэльс елінің астанасы Кардиф қаласында тұрады екен. Маған қызық әрі маңызды болды. Одан көп нәрсе үйрендім. Д.Вэнстен аталарымның фотосуреттерін жақсы сапада жүктеп беруін өтіндім. Джейми Вэнс менің өтінішіме жауап беріп, отбасылық мұрағаттағы аталарымның фотосуреттерін жіберді. Н.Фелл Жәңгір төре, Жұмабек төре, Жәкен Мұстафин, Ысқақ Жаматықов және басқалармен жеке кездескен, тіпті, кейбіреулерімен достық қарым-қатынаста болған екен» деп атап өтті өлкетанушы Асылбек Алтынов.

Бір айта кетерлігі, Н.Фелл Арқа өңірінде түсірілген көптеген фотосурет пен жазбаны мұрағатында мұқият сақтаған. Джейми Вэнс бүгінде мұрағатты сақтаудағы арғы атасының ісін жалғастыруда екен. Ал, Д.Вэнс 2019 жылы Қазақстанға келіп, арғы аталары Нельсон Фелл және Фрэнк Вэнс болған жерлерді аралапты. Оның елімізге сапары туралы QAZAQSTAN ұлттық арнасы «Нельсон Феллдің ұрпақтары отбасы мұрағатын зерттейді», «Сарыарқа – өркениет бесігі» фильмдерін түсіріп жарыққа шығарған. Сол сақталған деректер мен фотосуреттер оқырман назарына ұсынылып отыр. Хат иесі Асылбек Алтынов ағылшын азаматтарына суретті табуда көрсеткен көмегі үшін алғысы шексіз екенін жасырмады.

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Өткенді танымай, болашаққа бағдар жасау қиын. Қазақтың әйгілі Әз-Тәуке ханынан тарап, Арқа жерінде өшпестей із қалдырған Жәңгір һәм Жұмабек төренің осы бір қолға түсе бермейтін фотосуреттерін тауып, газетке ұсынған өлкетанушы Асылбек Алтыновтың еңбегі орасан. Әңгіме барысында Асылбек ағамыздың екі тілге бірдей жүйрік және өлке тарихын өте терең білетінін аңғардық. Редакция атынан хат авторына алғыс айтамыз. Мұндай тарихи жәдігерді жалпақ жұртқа жария ету – бізге де мәртебе. Ендеше, аса құнды ортақ олжа құтты болсын!

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button