АбайАймақ

Қазақ күресіне қамқорлық қажет

Абай ауданы бокс мектебінің даңқымен елімізге ғана емес, әлемге де әйгілі. Мұндағы бокс мектебінен Еуропа чемпионы Серік Нұрқазов, екі дүркін әлем және Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов шыққан. Ал, қазақ күресіне келгенде олай айта алмаймыз. Ұлттық спортымыздың бұл түрінен алдында аталғандай атақты спортшылар шықпақ түгілі, ашылғалы жиырма жылдан астам уақыт болса да, жақсылап жаттығып, жарыс өткізетін жайлы орын да жоқ болып тұр.

СУРЕТТЕ: жаттықтырушы Орал Иса шәкірттерімен

…Ауданда қазақ күресі секциясының ашылып, дамуына алғаш рет сол кездегі аудан әкімі, өзі де дзюдодан спорт шебері, марқұм Аманбек Әбдіханов мұрындық болған еді. Ол 2001 жылы Абай қаласында Жеңіс күні мерекесінде болған белдесулерде балуандардың бәрін бүктеп, абсолютті салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған бұқаржыраулық Орал Исаға ұсыныс жасаған. Содан бастап, Орал осындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде болашақ балуандарды баптаумен айналысып келеді. Қазірдің өзінде бұл секцияға 60 бала қатысады. Олар көптен бері қаланың 3-ші шағын ауданында орналасқан ескі мектептің 50 шаршы метрлік сынып бөлмесінде амалсыз үш ауысыммен жаттығуға мәжбүр болып жүр. Қаншама аудандық мекеме қоныс тепкен үш қабатты бұл ғимаратта аумағы атшаптырым спорт залы бар, әрине. Алайда, қыста жылымай, азынап тұратын зал күрделі жөндеу көрмей, әлі күнге бос тұр. Егер ол жөнделіп, спортсүйер азаматтарға беріліп жатса, Абай ауданының атағын боксшы ағаларындай аспандататын айтулы балуандар шықпасына кім кепіл?! Бұдан басқа, бұрынғы Абай колледжінің осы ықшам аудандағы үлкен спорт залы ертелі-кеш ала доп қуғандардан бір босамайды. Сондай-ақ, пайдалануға берілгеніне алты жылдан асқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен неге арнайы орын бөлмеске?! Бұған қарағанда шахтинскіліктер ширақ қимылдап, әр жерде жаттығып жүрген жас балуандарына былтыр ғана ашылған спорт кешенінен жеке күрес залын берген.

Ал, абайлықтарға әзірге осыған қанағат еткеннен басқа лаж жоқ. Оның үстіне, әр сайлау өткен сайын учаскелік сайлау комиссиясының жұмысы үшін бұларды үш айға жылы орындарынан бездіріп, көрінген бұрышта жаттығу жасайтын күндері аз емес. Осыдан кейін бұл балғын балуандардың ішінен болашақ Қазақстан, әлем барыстары шығады деп үміт артуға бола ма?! Сондықтан, Абай ауданының әкімдігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі осы мәселеге оң көзімен қарап, шешеді деген ойдамыз…

Ержан ИМАШ,

Абай ауданы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button