Жаңалықтар

Қазақ еліне – зор сеніммен

      Қазақстан қаңтар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы міндетін атқарады. Тарихта тұңғыш рет орын алып отырған саяси оқиға Қазақстанның жаһан алдындағы биік беделін тағы бір мәрте айшықтады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылық жасайды. 2017-2018 жылдардағы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңеске арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси Жолдауында көрсетілген. Басымдықтар саны – жетеу: I) ядролық қарусыз әлемді жақындату; II) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; III) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; IV) терроризмге қарсы күрес; V) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері; VI) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету; VII) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

Кеңес төрағалығы – жоғары халықаралық мәртебе. Себебі, Кеңес мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.

Осынау үлкен міндетті әлемдік қауымдастық қазақ еліне тапсырып отыр. Абыроймен өткерерімізге кәміл сенеміз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button