Жаңалықтар

Қазаққа ұрпағымыз да риза

Біз бұл мерекені үлкен құрметпен және ерекше ықыласпен қарсы аламыз. Бұл – ақ пейілді адамдарға ізгі ниет білдіру мен мейірімділік күні. Болашақ ұрпаққа үлгі бола білген адамдарға көрсетілер құрмет.

Көпұлтты ел халқының өз дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, бүкіл әлемге бейбіт күнді сүйетін саясаты мен бір-біріне деген шынайы көршілік қарым-қатынасын көрсетуінің бірегей мүмкіндігі бар.

Біз, Қазақстанда тұратын литвалықтар, өз жерінде өмір сүріп, тағдырдың талай қиыншылықтарын бастарынан өткеріп жатса да, өзгелерге көмектесуге мүмкіндік тапқан қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз.

Қазақ халқы тарапынан біздерге көрсетілген жақсылықтың, ізгілік пен қолдаудың ондаған, тіпті жүздеген мысалдарын айта аламыз, соның арқасында қазір бейбітшілік пен өзара түсіністікте, келісімде өмір сүрудеміз. Тағдыр тәлкегімен қуғынға ұшырап, Қазақстанға қоныс аударған этностар қазақ елінің бауырмал да қонақжай қасиетін өскелең ұрпаққа жеткізіп келеді. Қарапайымдылық – асыл қасиет! Ұлылық деген – қарапайымдылық болар, сірә…

2017 жылы Халықаралық «ЭКСПО» көрмесін, әлемдік діндер съезін өткіздік. Біз ЕҚЫҰ мен БҰҰның бейбітшілік сүйгіш саясатындағы қарарларына қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысы басқаратын бейбітшілік пен келісімнің бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған айшықты да ауқымды жұмыстарын бүкіл әлем біледі.

Елімізде қазақстандықтардың кәсіппен айналысуына барлық жағдайлар қарастырылып, инвесторларды тарту үшін де тиімді тәсілдер қолданысқа енгізілген.

Литвалық достарымыздың біріне Қарағанды облысы ұнады, ол ерекше «Литвалықтар ауласын» салып берді. Біз өзіміздің іс-шараларымызды осында зор ризашылықпен өткіземіз.

Этномәдени бірлестіктердің басын бір жерде шоғырландыратын «Достық» сарайы бар. Заман талабына сай бой көтеріп, бейбітшілік пен келісімнің, достық пен жақсылықтың салтанат құруына негіз болған құтты шаңырақ үшін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз.

Мұндай асыл қасиет пен қайырлы батылдық үлгісінің бүгінде біздің жаңа буынымыздың бойынан да көрініс тауып отырғанына куәміз. Ізбасарларымыз желкілдеп өскен құрақтай жетіліп келеді. Олар Қазақстанның болашағы және осы жылды Мемлекет басшысының «Жастар жылы» деп жариялағаны кездейсоқтық емес. Біз жастарға мемлекет, бизнес, отбасы құру ісінде өзін таныта білуіне, тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендей түсуіне үлес қосуына жан-жақты бірегей мүмкіндіктер жасап келеміз. Сол жастармен бірге біздің де балаларымыз қамқорлықта өсіп келеді.

Мен болашақта ұрпағымыздың да қазақ халқына риза болатынына сенемін.

Виталий ТВАРИОНАС,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары,

Қарағанды облысы «Lituanica» литва этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button