Аяз айылын жимай тұр
Ит жылының аязы итті де қатырды. Тіпті, секеңдеген ор қоян сарышұнақ аяздан сеспей қатты. Арқада аяздан болып жатқан құбылыстар тұрғындарды абдыратып тастады. Соңғы төрт күнде Қарағанды облысында 30 адамды үсік шалып, 14 адам ауруханаға жатқызылды.
Қытымыр қыстың әдеттегіден аязды болуы салдарынан облысымызға қарасты қала мен аудандар, ауылдар қатаң бақылауға алынып, аязды күні сыртта көп жүруге және көлікпен жолға шығуға шектеу қойылды. Аяз сынбаса, жылы киініп жүрмеген адамның дені тыныс жолдары ауруына шалдығуы мүмкін. Сонымен қатар, қақаған аяздың ауылдағы жұрттың малға берер азығын таусып, шаруаларды тығырыққа тірер түрі бар. Ал синоптиктер күннің күрт суытуы әлі бірнеше күнге ұласады деп отыр. Сондықтан, мамандар аязға қарсы қамданысты күшейтіп, алдын алу шараларына кіріскен. Синоптиктердің мәліметі бойынша, қаңтар айының соңында ауа температурасы Қарағандының өзінде күндіз – 35 градусқа дейін түнде 42 градусқа төмендейді. Қара теңізден келген циклон солтүстік-шығысқа қарай ығысып, 20 қаңтар күндері солтүстікке, 21 қаңтардан орталық облыстарға ауысқан. Аязды айтпағанда, желдің жылдамдығы 20 м/с жетеді. Таулы аймақтарда сынап бағанасы 45 градусқа дейін суытады.
Аптаның басынан бері, облысымызда 1-11 сынып оқушыларына, колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ тоқтатылды. Кейбір мекемелер қысқа мерзімді жұмыс кестесіне ауысты. Қаңтар айындағы сары аяз өзінің өр мінезін көрсетіп, Арқаға суық мінезін танытып тұр. Көліктердің оталуы тіпті қиындады. Жабық, жылытылатын нысанда емес, ашық аспан астында тұрып қалған техникалар істен шығуда. Дизелдік отынмен жүретін көліктер қатты аязға шыдас бере алмай жатыр. Әлгі қатқан көліктерді қыздыру үшін көрсетілетін қызметте аспандап кеткен. Мәселен, Теміртау қаласында көлікті жылытып, қыздырып беру 5 мың теңгеге бағаланса, Қарағандыда тұрған орнына қарай көлік қыздыру қызметі 7 мың теңгеден басталады. Тасымалдау үшін көлікті жалдағаныңа қала орталықтарында 7 мың теңге, қалааралық көлік тасымалдау қызметі 15 мың теңгеден асып түседі. Жүргізушілердің сөзіне сүйенсек, бұл аяздарда гидравликалық тежегіш жүйесі орнатылған көліктер еш қиналмайды. Мұндай көліктер ешқандай аяздан қорықпайды. Ескі, бұрыннан жүріп тұрған қоғамдық көліктердің тежегіш жүйесі – гидравликалық. Ал, қазір жаңадан сатып алынған автобустар ауа температурасы -25 градустан төмен түссе оталмай қалып, теріс мінез танытатын көрінеді. Техникалық қызметкерлердің көмегін қажетсінеді екен.
Десек те, биылғы қыс қарағандылықтарды біраз таңырқатты. Мұндай аяз бұрын-соңды ұзақ уақыт күшінде тұрған емес. Таңғы уақыттағы қала көрінісін тура бір мұз дәуірі қайтып оралған ба дерсің. Аяз айылын жимай, көңілдегі алаң басылар емес.
Тағы да еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер қаңтар айының соңына дейін күн суытады деген болжам жасаған. Осы жорамалға сәйкес Қарағандыда термометр бағаны – 45 ºС төмендейді. Ақпанға дейін қатты аяз болады деп күтілуде. Аяздан сақ болайық!
Нұрдос КӘРІМ