Жаңалықтар

Ауыз су мәселесі шешіледі

    Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Теміртау қаласына қарасты Ақтау кентіне барды. Аймақ басшысы цемент зауытының жұмысымен танысып, жергілікті мектепте, емхана және спорт кешенінде болып, модульді қазандықтың жұмысына назар аударды. Сондай-ақ, кент әкімінің тұрғындармен есептік кездесуіне қатысты.

Ақтау кентінің әкімі Тимур Ақыбаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты және 2018 жылға құрылған жоспарлармен таныстырды.

Кент қажеттіліктеріне биылғы жылы бюджеттен 204,6 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға үйді-үйлеріне көмек көрсетілуге, жұмыспен қамту, мектепке дейінгі тәрбиеге және тағы басқа бағыттарға жұмсалады. Шамамен 30 млн. теңгеге жуық қаржы автожолдардың орташа жөндеуіне бағытталады.

Ақтау кентінің тұрғындары анағұрлым өзекті мәселелерін ортаға салды. Олардың бірі – ауыз сумен қамту мәселесі. Ауыл тұрғындарына бірнеше жылдан бері жаңа су таратқыш салынады деп уәде берілген.

Мен бүгін сіздермен кездесуге арнайы келіп отырмын. Ақтау кентінің тұрғындарынан көп шағымдар келіп түсіп жатыр. Алдын ала әлеуметтік нысандарды аралап шықтым. Барлығын өз көзіммен көргім келді. Сіздердің проблемаларыңыз жайлы білеміз. Біртіндеп шешетін боламыз. Мен оған уәде беремін, – деді Ерлан Қошанов.

Әкім бірінші кезекте үш негізгі проблема – жылу және сумен қамту, сонымен қатар, баспана тапшылығын жою қолға алынатынын жеткізді.

Бұл мәселелер бұрыннан қордаланып келеді. Оларды бір мезетте шешу мүмкін емес. Біртіндеп бастаймыз, – деп түсіндірді аймақ басшысы. – Суға тоқталар болсақ. 2018 жылы су таратқышты өткізуге жобалық-сметалық құжат әзірлейміз. Бұл процесті барынша жылдамдатуға тырысамыз. Келесі жылы жұмысқа кірісіп кетуге мүмкіндік болу үшін.

Сондай-ақ, облыс әкімі жылумен қамту мәселесі тұрғындардың пікіріне сүйене отырып шешілетіндігін айтты.

Орталықтандырылған қазандық салу қажет пе, әлде, модульді жылыту жүйелерімен ғана шектелуге бола ма, соны шешуіміз керек. Мәселе – бағада. Орталықтандырылған қазандықтан келетін жылу тұтынушылар үшін қымбатқа соғады. Шамамен, бір шаршы метрге 200 теңгеден, – деді әкім.

Облыс әкімі салаға жауапты орынбасарына барлық есептемелерді зерттеп, шешім қабылдауды тапсырды.

Ақтауда баспанаға кезекте 96 адам тұр. Облыс әкімі пәтер мәселесін шешу үшін кенттегі ондаған бос қалған үйлерді жөндеуді ұсынды. Ол үшін үйлердің жағдайын зерттеп шығу қажет.

Спорт кешенін аралау барысында Ерлан Қошанов залдың салқындығына назар аударды. Медициналық мекеме де салқын болып шықты. Ол кідірместен жылумен қамту мәселесін реттеуге тапсырма берді.

Кездесу барысында, сонымен қатар, кент көшелерін жарықтандыруға бюджеттен қаржы бөлінгені туралы айтылды.

Ақтауда 7 мыңнан астам адам тұрады. Кенттің жүйеқұрушы кәсіпорны «Central Asia Cement» АҚ болып табылады.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button