Бас тақырып

Ауыз суға алаңдауға негіз жоқ

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – ауыл мен қалада қанжығаласып келе жатқан күрделі мәселе. Несін жасырамыз, түрлі кешенді шаралар қолға алынса да, бұл мәселе түбегейлі шешімін таба қойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жолдауында да арнайы тоқталды. Демек, айрықша назарда деген сөз.

Дегенмен, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін былтыр да, биыл да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында да таза ауыз су мәселесін ретке келтіру үшін шамамен 250 млрд. теңге бөлінетінін атап өткен еді. Былтыр осы мақсатта «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша 90 жобаны іске асыруға қаржыландыру көлемі 13,8 млрд. теңгені құрады.

– Жыл қорытындысы бойынша 380 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілері (қалаларда 232,2 км, ауылда 151,1 км) қайта жаңартылып салынды. 76,8 км желіге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жұмыс жүргізу уақытында 441 жұмыс орны ашылды. Абай ауданының Есенгелді, Бұқар жырау ауданының Жаңақала, Айнабұлақ, Тегісшілдік, Қарқаралы ауданының Сарыобалы, Нұра ауданының Қарой ауылдарында су құбыры желілері салынды және үйлерге тартылды. Бұған дейін аталған ауылдың тұрғындары суды құдықтан тасып ішкен болатын. Яғни, орталықтандырылған сумен жабдықталмаған еді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы Еркебұлан Әлтаев.

Биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасын табуда. Республикалық және облыстық бюджеттерден 16 жобаға 3,5 млрд. теңге бөлініпті. Абай ауданында – Құрма, Жұмабек және Дубовка ауылдары, Бұқар жырау ауданында – Асыл, Жаңаталап, Қушоқы, Сарытөбе, Қызылжар, Самарқанд және Ботақара ауылдары, Жаңаарқа ауданында – Атасу кенті, Қарқаралы ауданында – Аппаз, Нұрада – Жанбөбек ауылы, Осакаров ауданында – Уызбай, Ұлытау ауданында – Ұлытау ауылы мен Шеттегі Ақадыр кентінде су мәселесі жолға қойылып жатыр. Мұндағы жұмыс жоспары – 75,2 шақырым және 45,7 шақырым су құбыры және кәріз желілерін ауыстыру. Жұмыс жемісін берсе, жоғарыдағы елді мекендердің 262 081 тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Бас маманның айтуынша, қолға алынған жобалар сумен жабдықтау желілерін жақсартуға және қала тұрғындарының сапалы су ішуін 98%- ға дейін, ауылдық елді мекендерде 89,9%-ға дейін, сумен жабдықтау желілерінің тозуын 66%-ға дейін және су бұру желілерінің тозуын 77%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беріпті.

– Халықты суға қол жеткізумен қамтуды ұлғайту үшін облыстың 52 АЕМ-де 93 млн. теңге сомасына іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар ауыз су ұңғымаларын бұрғылау үшін жер асты көздерін анықтауға және елді мекендерге су құбыры желілерін салуға бағытталған. Жоба – екі жылдық, аяқталуы – 2022 жылға жоспарланған. Одан әрі жұмыс істеу үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2022-2024 жылдарға жалпы сомасы 23,7 млрд. теңгеге 26 жоба мәлімделді. Өткізілетін іс-шаралар кешені азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және 2025 жылға қарай халықтың 100%-ы ауыз сумен қамтылады, – дейді Еркебұлан Әлтаев.

Әлі де шалғайдағы ауылдарда ауыз су мәселесі толық шешіле қойған жоғын жоғарыда айттық. Жауапты қызметкерлер «Тізім толық бар. Ол өңірлерге су тарту жоспарда бар, үнемі назарда» дейді. Демек, Мемлекет басшысының Жолдауларынан түспей келе жатқан бұл мәселенің жолға қойылатын күні, толық шешімін табар уақыты алыс емес екенін аңғарамыз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button