Спорт

Ауыспалы кубок – «Айтыскерде»

Қарағандыда өнерпаздар доп тебетін «Dostyq leаguе» шағын футбол лигасының 4-ші маусымы өз мәресіне жетті. Бұл жолы айтыскер ақындардан жасақталған «Айтыскер» құрамасы чемпион атанды. Команданы бастап келген белгілі айтыс­кер ақын – Дидар Қамиев. Өткен маусымда көш басынан көрінген ақындардың «Esengali» командасы ауыспалы кубокті айтыскерлерге берді. «Esengali» бұл жолы 5-ші орыннан көрінді.

Алдыңғы маусымда алты команда кубокқа таласқан еді. Лиганың жарнамасы тез тарап, дабыры өзгелердің құлағына жетіп, 4-ші мау­сымда командалар саны сегізге көбейді. Достықты жалау еткен, саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат тұтқан лигаға айтыскерлер мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жігіттері қосылды. Сәкен театрының футболшылары бұл жолы тізгінді тартты. Сонымен қатар, әншілер мен өңірге белгілі әзілкештерден, асаба, шоумендерден жасақталған «Dostar united» пен «AdiDos» командалары да қатарды толықтырды.

Бұл лигада шағын футболдың стандартты ережелері сақталды. Әр ойынға төрешілік ететін кәсіби мамандар бар. Командаларға бірыңғай жейде кию талабы қойылған. Осы лиганы ұйымдастырып жүрген Аман Хамит есімді азамат. Сонымен қатар, белгілі ақын, әріптесіміз Жәлел Шалқар мен ақын Қайрат Иманбек те ұйымдас­тырушылар алқасының тізімінде.

– Лиганың басты мақсаты – Қарағанды қаласындағы өнерпаздардың басын қосу, ел азаматтарының ауызбірлігін, достығын нығайту. Бастысы – саламатты өмір салтын ұстану. Қыз­мет, шығармашылық деп еңбек етіп жүрген азаматтар осы алаңға келіп эмоциясын шығарады. Үздіктер қатарынан көріну үшін алға қарай талпынады, жігерленеді. Бұл алаңда күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, бір жеңілдейсіз. Әр қалада осындай лигалар, турнирлер жиі өтеді. Қарағандыда да дамуы тиіс деп есептеймін, – деді Аман Хамит.

Бұл маусымда «Айтыскер» командасы жарады. Лиганың 3 айналымында алдына қара салмады.

– Былтыр бастау алған «Dostyq leаgue» ойындарына шақырту алған едік. Айтыста жүрген өзімнің достарымды, бауырларымды ертіп әкеліп, осында өз ойынымызды көрсеттік. Ерекше әсерге бөлендік. Мұнда кілең мықты ойыншылар жиналған. Өнердегі дос­тарым кәсіби түрде футболмен айналыспаса да, допты жақсы тебеді. Сахнада, той-томалақта бірге жүрген өнерпаздармен алаңда доп тебу – мен үшін мәртебе. Әуелде қарсыластарымызды көріп, чемпиондыққа үміттенбеген едік. Бірақ, өз ойынымызды таптық. Жігіттер жарады. Бас­тысы – сыйластық. Осы лиганың арқасында қаншама дос тауып, бір-бірімізге деген құрметіміз артты. Сырттай араласатындармен етене араласып кеттік. Ойын күндеріне жеткенше асығатын хәлге жеттік. Өзімнің командаластарыма жеңіс үшін зор алғысымды білдіремін! – деді Дидар Қамиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы қысқы маусымда командалар саны көбейеді. Лигаға қызығушылық танытып отыр­ғандар көп.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button