» … Ауырмайтын жол ізде»

   Вирустар адам баласының «серігі» десек, қателеспесбіз. Өйткені, олар адамды туғаннан бастап қоршайды және бірге тіршілік етеді. Кейбіреулерін ағзамыз елең қылмаса, қалған біреулерімен жанассақ-ақ болғаны, ауырып қаламыз. Адам ағзасына вирустар бірнеше жолдармен енеді. Көбінесе, олар ауамен немесе тағамдармен, кейде жәндіктер арқылы енеді.

Вирустық аурулар – вирустар арқылы таралатын жұқпалы аурулар мен қатерлі ісіктер. Жануарлардың, өсімдіктер мен бактериялардың жасушаларына енген вирустар көптеген қауіпті аурулар туғызады. Мысалы, тұмау, полиомиелит, шешек, аусыл, құтыру сияқты аурулар вирус арқылы таралады. Тұмаудың нағыз қоздырғышы 1933 жылы анықталды. Бұл ауру ертеден белгілі. Тұмау індеті адамзатқа шешек пен обадан артық болмаса, кем залал тигізбеген.

ЖРВИ – өте кең таралған, тыныс жолдарының зақымдануы және интоксикация арқылы көрініс беретін, антропонозды, ауа арқылы берілетін жедел респираторлы вирусты инфекция. Ол тұмау, мұрын-жұтқыншақ жолдары инфекцияларының асқынуы және ЖРВИ бактериясының асқынуынан пайда болады. ЖРВИ-мен көбіне жас балалар жиі ауырады. Осы ауруға сезімталдық 6 айдан 3 жас аралығында жоғары болады. Өсе келе антидене қалыптасып, ауру қаупі төмендейді. Сонымен қатар, туа пайда болған табиғи иммунитет төмендеуіне байланысты, 1 жас пен 5 жас аралығындағы балалар жиі ауырады.

Тұмаудың асқынған түрлері бронхит, пневмония ауруларының дамуына себеп болады. Ал, ЖРВИ індет пен өлім-жітімге әкеле отырып, халықтың әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұмаудың салдарынан әлемде 3-5 млн. ауыр оқиға мен 250-500 мың өлім-жітім тіркеледі.  Бұл аурулардың алдын алу мен емдеу жолдары әр түрлі. Әрине, антибиотиктерді бірден қабылдауға болмайды. Себебі, олар иммунды жүйені төмендетіп, аллергиялық реакциялардың дамуына әкеледі. Вирустық ауру кезінде оған қарсы дәрілік заттар қолданған дұрыс. Тұмауды және вирустық ауруларды емдеу үшін «ремантадин», «альгирем», «занамивир», «кагоцел», «анаферон», «арпефлю» сияқты дәрілерді қолдансаңыз болады. Ал, «интерферон» препаратының әсері тіпті жақсы. Бұлшық ет арасына, теріге, тамырға және мұрын қуысына адам интерферондарының енгізілуі қазір тәжірибеде жиі қолданылады.

Дегенмен, вирусқа қарсы терапия әлі де болса толық нәтиже берген жоқ. Қиындық тудыратын жағдай – ауру белгілері вирустың барынша көбейгенінен кейін ғана көрініс береді. Сондықтан, вирусты инфекциямен күресу кезінде алдын алу немесе инфекциялық кезеңдегі науқастармен қатынаста болғандарды емдеу маңызды.

Г.ТУКУБАЕВА,

«Болашақ» академиясының фармацевтикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы.

А.БАЙҒАЗЫ,

5-курс студенті.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.