Ауылда ФАП ашылды
Қарқаралы ауданы Бесоба ауылдық округіне қарасты Қызылту ауылында медициналық пункт ашылды. Құрылысы биыл басталған нысан Республика күні мерекесіне орай пайдалануға берілді.
Осы қуанышты жағдайға орай аудан әкімі Әділжан Арғынов, аудандық орталық аурухананың директоры Дәурен Сейтпанов, аудандық мәслихат депутаты Біржан Сапаров Қызылту ауылында болып, жаңа ғимараттың ашылу салтанатында халыққа құтты болсын айтты. Ауыл ақсақалы, тыл ардагері Төлеу Бұланбаев үлкендердің атынан игі лебізін білдіріп, батасын берді.
Бұл медициналық нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында қолға алынған болатын.
Аталмыш пунктте дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, егу, таңу бөлмелері, медицина қызметкерлеріне арналған, акушерлік кабинеттер жұмыс істейді.
Аудан орталығынан тоқсан шақырым қашықтықта орналасқан ауылда қазіргі уақытта екі жүздей адам тұрады. Осы халыққа мамандандырылған медициналық бекет ауадай қажет еді. Көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселе оң шешімін тапты.
Жалпы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының аясында Қарқаралы ауданында 2025 жылға дейін ашылады деп жоспарланған 17 медициналық нысан көзделген уақытында даяр болып, кезекпен ел игілігіне берілуде.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.