ЖаңалықтарСпорт

Ауыл спортшылары – бәсеке алаңында

      Жаңаарқа ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу бағытында жоспарлы жұмыстар үнемі жасалады. Соның бірі – жыл сайын өткізілетін аудандық ауыл спортшыларының спартакиадасы. Биыл аталмыш дода Түгіскен ауылдық округінде ұйымдастырылды. Аудандық мекеме, бөлім басшылары мен ауыл-ауылдардан келген спорт сүйер қауым қатысып, шараның салтанатты ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев құттықтау сөз сөйледі. «Спорт сайыстарында тек қана мықтылар жеңіске жетсін!» деген тілегін білдірді.

20170630_143722

Осымен 17-ші  рет ұйымдастырылып отыр­ған шараға ауданның барлық 14 кент және ауылдық округтерінің спортшылары қатысып, спорттың 16 түрінен бақ сынасты. Көкпар, аударыспақ, ат жарысы секілді ұлттық ат спорты түрлері спартакиаданың тартысқа толы бәсекесіне айналды.

Көкпаршылардың көшін Ақтау ауылының азаматтары бастады.

Аударыспақ бойынша І орынды М.Жұмажанов ауылы қанжығаласа, аламан бәйгеде І орынды – Байдалы би ауылы (ескенелік Темірхан Тоқбергеновтің тұлпары) иеленді. Тай жарысында Ералиев ауылы, құнан жарысында Байдалы би ауылының шабандоздары көш бастады.

Жұртшылықтың назарын аудартқан тағы бір сайыс түрі – қазақ күресі. Бұл сайыста ауыл-ауылдың балуандары күресіп, мықтылар анықталды. 55 келі салмақ дәрежесі бойынша – Атасу кентінен Жасұлан Мұқанов, 60 келі салмақта – Түгіскен ауылынан Нариман Тұтқышев, 66 келіде – Атасу кентінен Мәулен Қожин, 74 келі салмақ дәрежесінде –  Түгіскен ауылынан Алмас Мақажанов, 82 келі салмақ дәрежесінде – Қызылжар кентінен Әділбек Ахметбеков, 90 келі салмақ дәрежесінде – Атасу кентінен Ақсұңқар Нұркеев, 100 келі салмақ дәрежесінде – Атасу кентінен Ерболат Зекен, 100-ден жоғары салмақ дәрежесі бойынша Атасу кентінен Арыстан Сағындықов І орындарды иеленсе, атасулық Ақсұңқар Нұркеев «түйе балуан» атанды. Жалпы, командалық есеппен қазақ күресі бойынша І орынға Атасу кенті шықты. ІІ орынды – Түгіскен, ІІІ орынды Бидайық ауылы еншіледі.

Ауданның мықты командалары спорттық доданың басқа түрлері бойынша да бақтарын сынады. Соның ішінде, шағын футбол, волейбол (әйелдер, ерлер), жазғы Президенттік көпсайыс, үстел теннисі, кір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарынан тартысты сайыстар өтті. Әйелдер және ерлер арасындағы волейбол жарыстарында Бидайық ауылының спортшылары үздік шықты.

Үстел теннисі жарысында қарсыластарынан озып шыққан Атасу кенті І орынды иеленді.

Президенттік көпсайыс бойынша І орынды Бидайық командасы олжалады. Шағын футболдан І орынды Атасу кентінің командасы жеңіп алды.

Қол күресі сайысы бойынша – Түгіс­кен, асық атудан С.Сейфуллин ауылы же­ңіске жетті. Кір тасын көтеруде І орынды Бидайық иеленді.

Тоғызқұмалақ ойынында Бидайық топ жарса, дойбы ойынынан – Түгіскен, шахмат ойынынан І орынды Атасу кенті еншіледі.

Спорттық сайыстардың барлық түрінен нәтиже шығарылып, жеңімпаздар анықталды. ІІІ орын Түгіскен ауылдық округінің командасына табысталса, ІІ орынды Бидайық ауылының командасы алып, мерей-мәртебелері үстем болды. Үздік шыққан Атасу кентінің спортшылары І орынды еншілеп, ХVІІ аудандық «Сарыарқа – 2017» ауыл спортшылары спартакиадасының жеңімпазы атағына ие болды.

Индира АСАМИДАНОВА, 

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button