Жаңалықтар

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ОЗЫҚ МАМАНДАР АРҚЫЛЫ ӨРКЕНДЕЙДІ»

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.

Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 87 жыл терең тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру.

2001 жылы Елбасы университетімізге Ұлттық статус бергеннен кейін, 2002 жылдан бастап білім, ғылым, агробизнес интеграциясын дамытуды қолға алдық. Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану процесіне кіріспес бұрын – АҚШ, Еуропа, Азия,Тынық Мұхит мемлекеттеріндегі жетекші аграрлық зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибелері мен тың ізденістерін зерттеп, негізге алдық.

Ең алдымен 2010 жылы Халықаралық Жобалық менеджерлер одағымен келісім-шартқа қол қойдық. Жобалық басқарудың стандарттарын қолдану арқылы Қазақстандағы университеттердің алғашқыларының бірі болып, Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүйелі түрде бастап кеттік. 13 Халықаралық сарапшы анықталып, олармен университетті трансформациялау бойынша 2011-2016 жылдарға келісім-шарттар жасалды.

Трансформацияланудың бастапқы кезеңінде университетіміздің негізгі бағыттары бойынша бәсекеге қабілеттілілікті дамыту бағыттары анықталды; мемлекет талаптарын негізге ала отырып, университетіміздің 2021 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалды; ғылыми жобалар портфелі жасақталды; университет дамуының 5 негізгі басым бағыттары белгіленді; тарнсформацияланудың нақты қадамдары мен мақсаттары анықталды.

Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ғылым, білім және өндіріс интеграциясының тиімді механизмдері әзірленіп, Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрылды. 2015 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен үш жетекші аграрлық университет ҚР Білім және ғылым министрлігі қарамағынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтті. Сонымен қатар, біздің университет жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы 100 пайыз құрайтын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның ерекшелігі – табыс акционерлер арасында бөліске салынбайды, ол тікелей университеттің дамуына бағытталады және оқу орнының Жарғысына коммерциялық қызметтің көптеген түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар университет автономиясын дамыту, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін іске асыру, сондай-ақ, Ұлттық аграрлық зерттеу университетін құру үшін нақты қадам болып табылады.

Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік станциясы, коммерцияландыру мен білім беру орталығы және 3 аграрлық жоғары оқу орны кірді. Бүгінде осы орталық құрамындағы еліміздің 3 жетекші аграрлық жоғары оқу орны базасында агроиндустриалдық кластерлер құрылды. Біздің университетіміздің базасындағы «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс» кластері құрамына 16 ғылыми-зерттеу институты, 20 тәжірибелік шаруашылықтар мен 100-ден астам ірі компаниялар кірді. Мұндай кластерлер құру аймақтардағы қордаланып қалған мәселелерді жедел шешуге, шаруашылықтардың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне айтарлықтай ықпал етуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында университет ғалымдарының жасаған арнайы іс-сапарларының нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс-Қазақстан, Ақтөбе облыстарында пилоттық аудандар анықталды.Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің басқа да өңірлерінде қолға алынбақ.

Құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін, биылғы жылдан бастап оқу орнымыз зерттеу университетіне трансформациялаудың жаңа даму жолына шықты. 2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық Хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық Хаб аясында орындалатын зерттеулер импорт алмастыру мақсатында экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шет елдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды. Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда.

Университет соңғы жылдары Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығын құру жұмыстарын жүргізуде. Арнайы оқу-зерттеу лабораторияларын құру үшін беларустық ауыл шаруашылық техникалары мен бөлшектерінің түпнұсқа кескіндері алынды. Университет жанынан Беларус ауыл шаруашылық техникаларының көрсетілім алаңы ашылмақ. Университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығы аумағында беларустық ауыл шаруашылық техникалары мен машиналарын, осы салаға қажетті қондырғыларды сынақтан өткізу полигоны ұйымдастырылуда. Онда білім алушы жастар «алқаптан тұтынушыға дейінгі» аралықтағы толық технологиялық түзілімді зерттеп, өндіріс жағдайында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алатын болады. Бұл жерде аграрлық саладағы кәсіпкерлер, инженерлер, техника жүргізетін мамандар өз біліктіліктерін жоғарылата алады. Аталған шаралар қызметі отандық агроөндірістік кешен алдында тұрған күрделі мәселелерді тиімді шешуге ықпал етеді. Бұл ретте университет отандық тауар өндірушілердің мәселелерін шешуде бар мүмкіндіктерін пайдалануда.

Инновациялық бағытты ұстанған оқу орны әлемнің озық тәжірибелерін трансферттеуде сәтті қадамдар жасап келеді. Осы орайда, Алматы қаласында өткен жылдың соңында бірінші Орта-Азиялық Агротехнологиялық саммиті ұйымдастырылды. Саммит жұмысына мемлекеттік орган басшылары, АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттерінің танымал эксперт-ғалымдары, республиканың ауыл шаруашылық тауарөндірушілері, аграрлық салада қызмет ететін ірі компания өкілдері, ауыл әкімдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, АӨК маңызды мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде арнайы Қаулы қабылданып, ҚР Үкіметі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.

Әрине, бұдан кейін де, аграрлық білімнің қара шаңырағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздің ауыл шаруашылығы саласына қажетті кәсіби білікті мамандарды дайындаумен қатар, салаға қатысты қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру мен оны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Әлемдік нарықтағы мұнай мен метал бағасының едәуір төмендеуі және экспорттық тауарларға деген сұраныстың азаюы – Қазақстан экономикасына, оның ішінде ауыл шаруашылық саласының дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, отандық ауыл шаруашылық тауарөндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заң қабылданып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы әзірленді. Қазіргі кезде бұл заң жобасы Үкіметке бекітуге ұсынылды. Аталған жобада ауыл шаруашылық өндірісті заман талаптарына сай дамытуға бағытталған жаңа даму басымдылықтары ұсынылды.

Аталған бағытта университет ғалымдарының атқарып жатқан жан-жақты заманауи зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін беруде. Атап айтқанда: азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жер, су ресурстарын сақтау; топырақты қорғау; Қазақстанның жері мен табиғи ерекшеліктерін ескеретін ауыл шаруашылығы техникаларын жасап, іске қосу; ауыл өндірісінің материалдық-техникалық ресурстарын жаңарту; ауылдық аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын заман талаптарына сай қалыптастыру; дәнді дақылдар мен мал тұқымдарын асылдандыру; фитосанитария салалары бойынша ғылыми бағытта нақты іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистранттар мен PhD докторанттарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 5 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы саласына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялар cтуденттердің өздері шыққан өңір бойынша зертеліп, жазылуы керек.

Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымызда бүгінде 28 кафедрасында 800-ден астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Олардың арасында ҚР ҰҒА 17 академигі, 138 ғылым докторы мен 281 ғылым кандидаты, 30 PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. 2015-2016 оқу жылында университетте 5985 адам білім алды. Оның ішінде 4811 бакалавр,1038 магистрант,136 докторант бар. Оқу орнында 27 ұлттың өкілі оқиды. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді.

Университет өткен жылы 5 жылға институционалдық, ASIN, ACQUIN (Германия) агенттігінен халықаралық, барлық мамандықтар бойынша арнайы аккредитациядан өтті. QS рейтингі бойынша 2016 жылы дамыған Еуропа және Орталық Азия университеттерінің арасында 200 жоғары оқу орындары ішінен 86-орынға ие болып, 100 озық ЖОО қатарына енді.

Қадірлі ауыл жастары, ауыл шаруашылық саласының еңбеккерлері сіздерді Қазақ ұлттық аграрлық университетіне озық білім мен мол тәжірибе алуға шақырамын. Мен де Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегімін. Өмірімнің маңызды кезеңдері қоғамдық, еңбек пен ғылыми жетістіктегі жемісті белестерім туған университетіммен тығыз байланысты. Біздің университеттің басты басымдылықтары – интеллектуалды жағынан жетік жастарды баулып, жоғары  білімді де білікті мамандар даярлау және өз Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу.Туған ауылыңды көркейтуге еңбек сіңіріп, туған халқыңа шын ынта-жігеріңмен өз үлесіңді қосып, ел экономикасының бастауы болып отырған ауыл шаруашылығының білікті маманы болғың келсе – университетіміздің есігі қашан да ашық. ­Еліміздің жарқын болашағы – білімді жастардың қолында екенін естен шығармайық.

Қазақ ұлттық аграрлық

университетінің ректоры,

ҰҒА Вице-президенті, академик,

Тілектес ЕСПОЛОВ:

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button