Бас тақырып

Ауыл шаруашылық саласының үздіктері марапатталды

Қараша айының әр үшінші жексенбісі ауыл шаруашылық күні. Аталмыш мереке қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын арнайы марапаттады.

Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі сала мамандарының жетістіктеріне тоқталып, кәсіби мерекесімен құттықтады. 

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде агроөнеркәсіптік кешеніне ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде ауыл инфрақұрылымы жақсаруда. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірісінің өнім көлемі артуда. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс диқандары жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Мал басы мен құс саны артып, ондағы өнім көлемі де ұлғаюда. Соңғы бес жылда аталған салада өркендеу бар. Осының бәрі сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі деп білеміз, – деді аймақ басшысы.

Ауыл шаруашылығындағы қажырлы еңбегі үшін облыс әкімі бірқатар мамандарға «Еңбек ардагері» медалін тақты. Бұл қатарда Қарқаралы ауданының «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Амантай Күлмағанбетов, Нұра ауданының «Отқанжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Қанат Отарбаев бар. Ал, Қарқаралы ауданы «Атамұра-табыс» ЖШС директоры Серікбол Джумадилов, Абай ауданы «Астра Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бүркіт Мұқашев, Нұра ауданы «Е.К.Канафин» фермерлік қожалығының агрономы Жұмажан Уменов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар шаруа қожалық иелері мен мамандарына Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Бұдан бөлек, экономика саласында еңбек етіп жүрген Қарқаралы ауданы «Қарынши» шаруа қожалығының мүшесі Қайырбек Қыдыралин «Қарағанды облысының ауылшаруашылығын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін» марапаты табысталды. Абай ауданының «Қоянды 2017» ЖШС – «Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша үздік кәсіпорын», Ақтоғай ауданының Сарытерек SAQ NS ауылдық тұтыну кооперативі – «Үздік кооператив» атанды.

«Үздік көкөніс өсіруші» аталымы бойынша Абай ауданы «Тұлпар» ШҚ директоры Роман Гервых,«Картоп жинаудан үздік комбайнер» аталымы бойынша Абай ауданы «Галина» ШҚ механизаторы Сергей Ефимов, «Дәнді-дақылдар жинаудан үздік комбайнер» аталымы бойынша Осакаров ауданы «Найдоровское» ЖШС механизаторы Владимир Чаус, «Үздік құс шаруашылығы» аталымы бойынша Бұқар жырау ауданының «UschtobeGus» ЖШС үздік деп танылды.

«Үздік мал өсіруші» аталымы бойынша Қарқаралы ауданы «Ынта» шаруа қожалығы мал өсірушісі Ардақ Елюбаев, «Үздік жылқышы» аталымы бойынша Шет ауданы Нұраталды ауылының жылқышысы Сапар Келдибеков, «Үздік шопан» аталымы бойынша Бұқар жырау ауданы «Темірлан Сарыши» шаруа қожалығының басшысы Мейрамбек Айдошев марапатталды.

Қарағанды облысы Нұра ауданының «Құлан-Өтпес» ЖШС директоры Сайран Ибрагимов пен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Темірші ауылдық округінің «Қалқаман» шаруа қожалығының басшысы Тәуіржан Ибрайханов – «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал, Қарағанды облысы ветеринария басқармасының «Осакаров аудандық ветеринариялық станциясы» КМҚК «Сұңқар» ауылдық округінің мал дәрігері Евгений Иващенко 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button