«Ауыл мектебі» ахуалды өзгерте ме?

Ауыл баласының білім деңгейі қаланың білімімен тең емес. «Өйткені, елдімекендерде білім сапасы нашар, сондай-ақ мектептерде маман тапшы» деген біржақты пікірді жиі айтады жұрт. Мұндайда қайтпек керек? Жалпы білім беру саласында қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою мүмкін бе? Оны неден бастаған дұрыс?

«АУЫЛ МЕКТЕБІ» ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ?

Ауыл мен қала білімін теңестіреміз дейтін «Ауыл мектебі» жобасы жайлы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек еткен. Пилоттық жоба 5 кезең бойынша жүретінін айтады «Назарбаев зияткерлік мектептері» (НЗМ) Дербес білім беру ұйымының қызметкері Дарияш Шакимова. Алғашқы кезеңде мамандар ауыл мектебіне жалпы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Екінші кезең зерттеу жұмыстарының нәтижесін ескеріп, қажеттілікке орай мұғалімдерге кәсіби тұрғыдан қолдау көрсетумен ерекшеленеді.

Ал, үшінші кезеңде мектептің даму жоспары жасалады. Ол онлайн әрі бетпе-бет кездесу түрінде жүзеге асуы да мүмкін. Нәтижесінде сәуір айынан бастап мектептерді құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары қолға алынады. Соңғы кезеңде зерттеу жүргізіліп, қолдау көрсетілген мектептердегі оң тәжірибелер басқа да ауылдық мектептерге таратылады.

 – Бүгінгі таңда «Ауыл мектебі» жобасының екінші кезеңі бойынша облыстардың мұғалімдеріне кәсіби қолдау көрсетудеміз. Ұстаздар арасында критериалды әрі формативті бағалау бойынша мәселе бар екенін аңғарып, семинар өткіздік. Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары оқу әдістерін дұрыс пайдалануға үйретуде, – дейді Дарияш Шакимова.

НЕГЕ ҚАРҚАРАЛЫ МЕКТЕПТЕРІ ТАҢДАП АЛЫНДЫ?

«Ауыл мектебі» жобасы Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде іске қосылғаны белгілі. Бүгінде пилоттық жоба аясында Қарқаралы ауданына НЗМ мен облыстың әдістемелік орталықтарынан 25-ке жуық маман келіп, мұғалімдерді оқытуға кіріскен. Қазіргі таңда жоба О. Жәутіков атындағы №1 мектепте, Ә.Ермеков атындағы №2 мектепте, М.Бәпиұлы атындағы №44 және Көктас ауылындағы №4 мектепте жүзеге асуда. Сонымен, неге Қарқаралы ауданының мектептері таңдап алынды? Бұл туралы бір апталық курс аясында аудан мұғалімдеріне семинар өткізген НЗМ Дербес білім беру ұйымына қарасты «Педагогикалық өлшеулер» орталығының менеджері Әлия Мақышева айтып берді.

– Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін алдымен, аудан мектептерінде барлық пән мұғалімдері жеткілікті болуы қажет. Бұл талап Қарқаралының мектептерінде сақталған. Сондай-ақ, зерттеу барысында ауданның қазақ және орыс мектептерінде де оқушылар саны көп екенін байқадық. Талаптарға сәйкес келгендіктен, ауданның төрт мектебі таңдап алынды, – деді Әлия Мақышева. Мамандар сондай-ақ, ауданға сапары барысында білім саласына қатысты көптеген проблемалардың анықталғанын айтты. Мәселен, мұғалімдердің жаңа білім беру бағдарламасындағы қалыптастырушы бағалауды түсінбеуі, оны ата-анаға жеткізе алмауы күрмеулі мәселеге айналған. Ата-ана мен мұғалім арасындағы кері байланыстың жоқтығы да «Балама неге баға қойылмайды?» дегенге жеткізген дейді мамандар.

ТҮСІНІКСІЗ БАҒАЛАУ ФОРМАТЫ

Елімізде бағалау форматын жеткілікті меңгеруге қатысты мұғалімдердің біліктілік тестін тапсырғаны белгілі. Осылайша олар бағалаудың бұл түрін түсіндік деген ниет танытқан. Алайда, ауданға жүргізген зерттеу нәтижесі ауыл мұғалімдерінің бағалауды толық түсінбегенін аңғартқан.

– Ауданға қарасты төрт мектептің физика, химия және тағы басқа пәндердің мұғалімдеріне жаңа білім беру бағдарламасына сай критериалдық әрі жиынтық бағалауды түсіндірдік. Әсіресе, бөлім бойынша тоқсандық жиынтық бағалау құралдарын құрастыруды үйреттік. Алған білімдерін тәжірибеде қолдансын деген мақсатта тағы да сегіз маман мұғалімдерді ауысым бойынша оқытты. Ауыл мұғалімдері таңертең үйренген білімдерін түскі сабақтарда қолданып көрсетті, – дейді Әлия Мақышева. Бағалауға интернет жиілігінің төмендігі де әсер ететінін айтқан педагогтер «Мектептер интернетінің жиілігі секундына – 10 Мбит. Бұл мектеп зертханаларында дұрыс жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Интернет қосылып тұрып, өшіп қалады. Бұл жағдайды дереу түзету керек» дейді.

ЕКІ АУЫСЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МҰҒАЛІМДЕР БАР

Аудан мектептерінің басты мәселесі – маман тапшылығы. Соның әсерінен мұғалімдер екі ауысымда қатар сабақ беруге мәжбүр. Зейнет жасындағы ұстаздар да мектепте жүріп, жоқ мұғалімнің орнын толтыруда. Орнын алмастыратын маман болмағандықтан, ауыл мұғалімдері қалаға келіп біліктілік арттыру курстарына қатыса алмайды.

– Ауылда екі ауысымға бір мұғалім сабақ беретіндіктен, ол қаладағы білім курстарына қатыса алмайды. Өйткені, ол кетсе орнын алмастыратын маман жоқ. Оның үстіне жас мамандардың ауылға келгісі жоқ. Мәселен, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында үш жылда Көктас ауылына физика пәнінен бір ғана маман келген. Жас мамандарға қолдау мен бағдарламаға насихат жұмыстары жетіспейді, – дейді Әлия Мақышева.

ЖАҢА КІТАПТАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Аудан мектептерінде жылу беру жүйесінің әлсіз әрі материалдық-техникалық базасының нашар екенін айтады мамандар. Мәселен, мектеп дәретханасының далада екені оқушыларға қиындық туғызады. Сондай-ақ, акт залының суықтығы оқушылардың мерекелік шараларды өткізуіне мүмкіндік бермейді. Мысалы, 1983 жылы салынған Көктас мектебіне соңғы рет 2014 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тек терезелері ауыстырылған. Қазіргі таңда 237 оқушы мен 47 мұғалімге жаңа кітаптар қажет. Мамандардың сөзіне сүйенсек, «Көктас мектебі мұғалімдері әр балаға жеке тұлға ретінде қарайды. Мұғалімдердің бала оқытуға деген ынтасы жоғары. Осыған орай мектеп базасы жаңа кітаптармен қамтылғаны дұрыс».

МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАБА МА?

Қарқаралы мектептеріне жүргізілген апталық жұмыстың нәтижесінде әзірленген ұсыныстар бойынша кешенді шаралар қабылданбақ.

– Ауыл мектептерінің білім сапасын, материалдық базасын зерттей отырып, біраз мәлімет жинадық. Мәселен, мектептердің жылу жүйесі қызметінің істен шыққандығын, интернет жиілігінің төмендігін байқап, ескірген парталарды да көрдік. Осының бәрі жинақталып, кітапша шығарылады. Әр кезең бойынша есеп беріледі. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, жоспар құрылады, – дейді Әлия Долданқызы.

Мамандардың айтуынан түйгеніміз, ауыл мұғалімдерінің білім сапасын бақылап, көмек көрсетуге әрбір облыстың әдістемелік орталықтарының мамандары жауапты. Әдіскерлер мұғалімдерге «мынауың дұрыс емес» демей, керісінше, сабағын бірге жоспарлап, бағыт бере білуі тиіс.

Аяулым СОВЕТ