Қарағандыда әскери қызметшілермен кездесу өтті
Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында Қарағанды гарнизонында «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты жалпы республикалық профилактикалық шарасы өтті. Шара аясында Ұлттық ұланның 5451, Қорғаныс министрлігінің 31775, Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімдерінде және Т. Бигелдинов атындағы әскери колледжде қызметшілермен кездесу өтті.

Кездесуге Орталық аймағының әскери прокуроры К. Кенчинбаев, сондай-ақ прокуратура органдарының ардагерлері Н. Жанахметов, К. Есимов, Р. Мұстафин, Э. Меңсейтов, А. Қосанов және Д. Тұрдығұлов қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әскери тәртіпті нығайту және жас сарбаздардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру.

Кездесу барысында әскери прокурор әскери қызмет пен оқу үдерісіне қатысты заңнама талаптарын түсіндіріп, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде ардагерлер жеке тәжірибелерімен бөлісіп, әскери антқа адалдық, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтті.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде сарбаздар қызмет өткеру, әлеуметтік кепілдіктер және құқықтық қорғанысқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Іс-шара қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен бірқатар әскери қызметшілер мен курсанттар Бас әскери прокурордың алғыс хаттарымен марапатталды. Шара естелік суретке түсумен аяқталды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



