АУЫЛ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ
Барлық жердегідей Шет ауданында да ауыл әкімдерінің есебі өтуде. Өткен сәрсенбіде Өспен ауылдық округі әкімінің есебі тыңдалды. Оның жұмысына аудан әкімі Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ, аудандық мәслихат хатшысы Бәкен ТӨЛЕУҚҰЛОВ, аудандық ұйымдар мен мекемелер басшылары қатысты. Алқалы жиынға қатысқан облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ сөз сөйледі.
Облыс аудандары арасында өзіндік салық базасын әбден айқындап, соның арқасында ешкімге жаутаңдамай отырған үш-төрт ауданымыз бар десек, соның бірі – Шет ауданы. Ауданның кіріс бөлімі жыл сайын 2 млрд. 200 млн. теңгемен толығады дегенге біреу сеніп, біреу сенбес. Жергілікті жерде жұмыс жүріп жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Биыл да аудан еңбекшілері барлық көрсеткіштерді межелеген тұстан асыра орындады.
Ортақ үлесте, әрине, жергілікті округтердің де қомақты үлесі бар. Соның көшбасшылары қатарында Өспен ауылдық округін айтуға болады. Мысал керек пе? Жеткілікті. Кейінгі жылдары бірде-бір отбасы басқа жаққа көшпеген. Жеті шақырым жердегі Суықсу бұлағынан төтел арқылы су ішіп отыр. Ішкенде бұлақ суын үйден шықпай-ақ тұтынып отыр. Шүкір, бүгінде түрлі жылытқыштықтар жеткілікті. Соған орай, әр үйдің су шүмегінен ыстығы да, суығы да ағып тұр. Қаладағы басқа да қолайлықтың мұнда жеткенін көріп, сүйсіндік.
Мұндағы инфрақұрылым басқа жерлермен салыстырғанда көш ілгері деуіміз керек. Өйткені, осы округтің жерімен темір жолы өтеді. Нілді, Айса, Тағалы стансаларының адамдары осы теміржолдан нәпақасын айырып отыр. Қайда барам, қалай барам демейді. Жарық тораптық стансасы қол созым жерде. Мұның өзі, сөз жоқ, елді шағын кәсіпкерлікпен шұғылдануға итермелейтін фактор. Ел сауған сүтін, айырған майын, өсірген көгін айтып отырған шойынжолымызбен не Қарағанды, не Жезқазған, не Балқашқа барып саудалап келеді. Айтуларынша, Астана барып, сауда жасаушылар да бар екен.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл қалыпты көрініс. Ауылда жұмыс жоғын жақсы түсінеді. Сондықтан да, жұмысты өздері тауып алады. Соның нәтижесінде елдің әл-ауқаты артқан. Оны тұрып жатқан үйлерінің ауласынан тануға болады. Қайда барсаң, тазалықты көресің. Қайда барсаң да әр ауладан екі-үш темір тұлпарды көріп, осы ауылдың еңбекқор азаматын танығандай боласың.
Сөз жоқ, бұл ауыл – еңбекқор ауыл. Жақсы мағынасында бұл ауыл – оқығандар ауылы. Олай дейтініміз, мұндағы жұмыс оқуды, арнайы білімді қажет етеді. Өспен ауылы, Өспен кеніші өздерінің 170 жылдық тойларын тойлағалы отыр. Соған орай елдің көңіл-күйі көтеріңкі екен. Сол тойларын ел көлемінде атап өтсек екен дейді. Соған ел азаматтарының ұйымдасып жатқанын естіп, ауылдың ауызбіршілігіне сүйсіндік. Есепке қатысып отырған аудан әкімі Марат Жандәулетұлы міндетті түрде көмектесетінін жеткізсе, кіндік қаны осында тамған Рысқали Қалиақпарұлы да облыс орталығының да бұл шарадан сырт қала қоймасын жеткізді.
Бұрынғыдай «өкіметке» қарап отырған жоқ. Жоқ па, бар қылады. Еркіндік ауылына жарық солай келген. Үйлері ғана емес, көшелері де жарық.
Айсада медбике жоқ еді. Оны да өздері тапты. Өспендегі амбулаториядағы маманды бекітті.
Былтырғы су тасқыны мен күйдіргі ел арасын одан әрі жақындастыра түсті. Табиғи суағарларын өздері жөндеп, ретке келтіріп жатыр.
Ауылдың тірлігі қалай дегенде төрт түлікке байланған. Өздерінен артылғанымен өзгелерді асырап жатыр. Алайда, күйдіргі деген алаңдатып-ақ тұр. Бұл індеттің қызыл өкімет кезінде де бой көтергенін ескерсек, ойлануға тура келеді. Бұл бағытта табанды жұмыс жүріп жатыр. Ветеринариялық қарсы шаралар бұлжымай орындалуда. Мүмкіндігінше барлық мал басы індетке қарсы вакцинадан жаппай өткізіліп жатыр. Бірдейлену жоспары толығымен орындалған және порталға енгізілген.
Қызыл өкіметтен қалған «мұраға» жаңаша көзқарас қалыптасты. Күйдіргіге қарсы қайтарма вакцинация жасалған. 21,5 шаршы метр аумақтық қоражай дезинфекцияланған. 1840 тонна күл-қоқыс шығарылған. Өспеннен төрт шақырым жердегі сонау 1966 жылы тіркелген күйдіргі көміндісі шыталармен қоршалған. Аумағы үш гектар жер айнала жыртылған.
Осының барлығы жұмыс. Өмірлік маңызы бар жұмыс. Ауылдың ертеңі нақ осы жұмыстарға байланысты. Сондықтан да, бүкіл ауыл болып осы жұмысқа жегілген.
Сондықтан да нәтиже бар.
Мектеп бар, амбулатория бар, мәдениет үйі бар, кітапхана бар. Керек десеңіз, ауылдың өз мұражайы да бар.
Өткен тарихын білген ауылдың ертеңі жарқын.
Сол тарихты жазып жатқандар ауылдың қарапайым жандары. Жасампаз жандар. Өздеріне сенеді. Содан да осы өңірдегі ауылдардан қиранды ештеңе де көрмейсің. Есесіне сәулетті ғимараттар баршылық. Еркіндікте елде жоқ имандылық үйі бар. Аманшылық болса, ел азаматтары Өспен ауылында да жаңа мешіт құрылысын көтермекші.
Былтыр ғана осында амбулатория салынды. Еркіндікте фельдшерлік пункт қатарға қосылды. Екеуі де заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде ел игілігіне айналған. Босаған ғимаратты ветеринарлар алмақшы. Күні кеше ғана оларды қорадан қуып шығып едік. Одан кейін ауылдан да қуғанбыз. Күйдіргі қайдан келді дейміз содан кейін?
Әкімнің жұмысын оның ауылға әкелген инвестициясымен өлшеп жүрміз. Ол жағы баршылық екен. Ел өкіметтің беріп жатқан көмегін алып жатыр. Толып жатқан ауыл шаруашылығы бағдарламаларынан ел сырт қалып жатқан жоқ. Әсіресе, «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары фермерлер көңілінен шығып отыр. Есепті кезең ішінде округ бойынша 8 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Әкімшілік ресурстарының қолдауы бойынша биыл 173,98 млн. теңге құйылған. Оның 170 млн. теңгесі ауыл шаруашылығына тиесілі.
Ендігі жұмыс ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату жағы болмақ. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтері жөнінде әңгіме құрғақ сөзден іс жүзіне аса бастады. Бұл бағытта облысымыз бойынша бес пилоттық жоба ауылдық округтерге бекітілген-ді. Осы жобаның біреуі Өспен ауылдық округіне бұйырған-ды. Ет бағытындағы малды бордақылаумен шұғылданатын «Алға» ауыл шаруашылығы кооперативі желтоқсан айында құрылды. Оған Өспен, Еркіндік, Айғыржал ауылдарынан 28 жеке қосалқы шаруашылығы қоғамдастырылды. Кооператив мүшелері «Ьереке» бағдарламасы бойынша алты пайыздық мөлшерлемен әрқайсы 1 миллионнан 4 миллионға дейін жалпы сомасы 66 млн. 500 мың теңге несие алды. Бұл сомаға мал сатып алынуда.
Аудан әкімі атап өткендей, бұл кооперативті несиелендірудің екінші кезегінде жаңа техникамен қаруланудың алғы шарты бүгінде жасалуы керек десек, ертеңгі күнге жарқын үмітпен қарауға болады ғой деп ойлаймыз.
Теміржол үй іргесінде өтіп жатқанымен барар жеріне ел өз көліктерімен барғысы келеді. Сондықтан да, мұнда жолға барынша назар аударылуда. Өспен ауылында бірді-екілі көше асфальтталған.
Облыстық мәслихаттың хатшысы осы мәселеге елдің назарын аударды. Өспен мен Ақадыр арасындағы көтерме жолдың ұсқыны кетіп-ақ тұр. Хатшы осы бағыттағы жолға республикалық бюджеттен 40 миллион теңге қаржы қарастырылып жатқанын қуанышпен жеткізді.
Әкім Жарас Аманжолов осының бәрін өзім жасадым деп өңмеңдеген жоқ. Халықпен бірге болғанын айтты.
Әкімнің екі қолға күрек тауып бергені анық. Ал, жұмысты ел өздері тауып алып жатыр.
Төрехан МАЙБАС
ШЕТ ауданы.