Бас тақырып

Ауылға барар дәрігерге – 8,5 млн теңге

Медициналық мамандардың тапшылығын шешу мақсатында биыл ауылдарға баратын дәрігерлерге 8,5 млн. теңгеге дейін әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Аймақ басшысының бастамасын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, дәрігер тапшылығын жоюда мақсатты шаралар қолға алынған.

– Кадрлық стратегия мәселесіне былтыр толық талдау жасалды. Аймақтағы медициналық қызметкерлер саны, олардың мамандықтары, қажетті мамандар, инфрақұрылымның жай-күйі, Қарағанды медицина университетіне жыл сайын түсетін түлектер саны да зерттелді. Бүгінде облыста 5 168 дәрігер және 10 мыңнан астам орта медициналық маман жұмыс істейді. 162 маманға қажеттілік бар. Ол Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай сияқты қалаларда басым. Акушер-гинекологтар, анестезиологтар, неонатологтар мен педиатрлар, офтальмолог және басқа бейінді мамандар қажет. Осы мамандықтар бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен жоспар жасалды, оның негізінде келер жылдан бастап, резиденттер жұмысқа кіріседі, – деді Бибігүл Төлегенова.

Сонымен қатар, ол ауылдық елдімекендерге баратын мамандарды ынталандыру үшін облыс әкімінің бастамасымен әлеуметтік пакет көлемі ұлғаятынын да атап өтті.

– Биыл әлеуметтік қолдау көлемі 8,5 млн. теңгеге дейін артады. Балқаш және Теміртау қалалары үшін 5 млн. теңгеге дейін болады. Толығымен жабдықталған қызметтік пәтерлер беріледі. 2024 жылы Қарағандыға келген мамандар үшін 138 қызметтік пәтер дайындалады. Бұдан бөлек, облыс орталығында «Жаңа қала» шағынауданында медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені салынады, – деді басқарма басшысы.

Спикер мұндай пәтерлер Қарқаралы, Шет және Ақтоғай аудандары мен Балқаш қаласында да берілетінін жеткізді. Қолдау шараларының нәтижесінде кейінгі бірнеше жылда 362 маман келді.

Басқарманың өткен жылғы жұмысын қорытындылаған Бибігүл Райханқызы осы жылғы жоспарларға да тоқталды. Ол ақпанда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған томотерапия қызметі іске қосылатынын жеткізді.

– Онкологиялық аурулар ауыр әрі психологиялық тұрғыда қиын. Қазір біз осы қызметті дамытудамыз. Бірінші кезекте науқастардың жағдайы үшін №3 көпсалалы ауруханасына жөндеу жұмыстары жасалды. Онкология қызметі үшін орын жетпейтіні рас. Сондықтан, 45-тегі бұрынғы балалар клиникалық ауруханасының бір корпусы химиятерапия алатын науқастарға арнайы дайындадық. Сонымен қатар, радиология, сәулелік терапияға қатысты аппараттар жаңартылатын болады. Шетелдік инвесторды тарту арқылы томотерапия аппараты алынды, келесі айда іске қосылады, – деді Бибігүл Райханқызы.

Спикер брифинг барысында қызылша­ның таралуы, ақпараттық жүйелер, мамандарды оқыту ісі жайлы айтты.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button