АқтоғайБасты тақырып

Ауылға ауыз су келді

    Үкімет халықтың әл-ауқатын арттырып, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның бірі – елді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі.

Аудан көлемінде, оның ішінде, ауылдық eлді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша соңғы жылдары бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылына ауыз су тарту жұмысы басталған болатын. Жуырда ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.

– Еліміздің еңсесі көтеріліп, экономикамыздың қуаты артып, бүгінде ауданымыз түрлі нысандармен жаңару үстінде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, қала мен ауылдық елді мекендер тұрғындарын сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Міне, біздің ауылдарымыз да сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр, – деген аудан әкімі С.Әбеуова жаңа тартылған су құбырының ауыл халқы үшін жағымды жаңалық болғанын алға тартты.

– Бұрын ауыл ішіндегі құдықтарды пайдаланып келдік. Енді, міне, су құбырлары үйлердің ішіне дейін тартылды. Судың сапасы да жақсы. Бұл – мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған қамқорлығының көрінісі. Нәтижесінде, көптеген ауылдарға, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге су тартылып, ел сапалы ауыз суға қарық болды, – деді ауыл тұрғыны Атығай Беделбаев ақсақал. Сондай-ақ, ауыл ардагерлері «Аспап» өндірістік кооперативінің (басшысы Төлеген Әшімов) аудандағы өкілі, учаске бастығы В.Пакқа ризашылығын білдіріп, иығына шапан жапты.

Өз кезегінде В.Пак: «Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында іске асырылып жатқан кешенді бағдарламаның шарапаты, міне, сіздердің ауылдарыңызға да тиіп, үйлеріңізге су тартылып, мәз-мейрам болып жатсыздар. Үйлеріңізге су ысытатын қондырғыларды орнатып, кәріз жүйелерін тартып алып жатырсыздар. Бұл – ауыл әлеуетінің артқандығының жарқын көрінісі, – деп ауыл тұрғындарын құттықтады.

Аудан әкімі мұнан соң ауылдағы қарт ана Қадиша Күземханованың үйіне барып, мерекемен құттықтады. 89 жастағы абзал ана аудан әкіміне ризашылығын жеткізді.

Ауыл әкімі Қ.Жортаровтың айтуынша, аталмыш бағдарлама арқылы облыстық, республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бүгінгі күні ауылдағы 80 үйге және 4 мекемеге ауыз су жүйесі тартылған. Осынау ауқымды жұмысты атқарған мердігер – «АСПАП» өндірістік кооперативі. Құрылыс барысында ауылдың 4 тұрғыны 3 айға жұмысқа алыныпты. Су сору бекетіне 50 түп қарағаш егілген көрінеді.

Аудан басшысы С.Әбеуова іс сапарын одан әрі жалғастырып, Тораңғалық, Тасарал елді мекендерінде болып, ауыл ахуалымен танысып, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» арқылы қос ауылда тартылып жатқан ауыз су желісінің жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Сарышаған кентінде  іргесі қаланып жатқан мектептің құрылысымен танысты. 464 орынға арналған мектептің жалпы құны 1 млрд. 589 млн. теңгені құрайды. Жаңа нысанның құрылыс жұмысы  2017-2018 жылдарға жоспарланған. Келер жаңа оқу жылында жаңа үлгідегі білім ұясы оқушыларға есігін айқара ашпақ.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button