Бас тақырыпКоронавирус

Қауіпсіздік шаралары қатерді тежейді

Әлем назары – коронавируста. Төрткүл дүниенің аңдығаны да, баққаны да – осы. Індет Қытайды тастап, өзге елдерге ауыз салғанда, жер шарын үрей билегені сонша, оны табиғи қалпынан түрлентіп, әлеуметтік, саяси және экономикалық астар беріп те үлгердік. Қарқыны қатты COVID-19 етектен алғанда, арқаны кеңге салған талай елдің аяқасты қолдан келер дәрмені болмай, медицинасы түгілі, экономикасы шатқаяқтауға сәл қалды. Біздегі жағдай – көш ілгері. Десек те, жазылғандар болғанымен, қайғылы жағдай да тіркелді.

ЖАУАПСЫЗДЫҚ – ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

 Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы Қытай, Италия, Германия сияқты елдердегі жағдайды бақылау арқылы математикалық есеппен болжам да жасап үлгерді. Олардың айтуынша, сәуірде ауырғандар саны 17 мыңға жетеді делінген. Зерттеу авторлары науқастардың саны негізінен 220 мыңға жететінін алға тартты. Бірақ, болжамның аты – болжам. Жазылып шыққан екі адам болса да, сағат санап арта түскен жұқтырғандар санына қарап-ақ, коронавирустың бүгін немесе ертең кез келгенге жұқпасына ешкім кепілдік бермейді. Оның үстіне, асқан жылдамдықпен, кез келген жағдайда, тіпті ішкен тамағыңызбен де жұғуы ойлантпай қоймайды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Шымкентте енгізілген карантин де осы үшін – вирустың таралуына жол бермеу.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев шұғыл брифинг өткізіп, коронавирустан бір адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Вирустың ел ішінде таралуы өсіп келе жатыр. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына енгізілген қатаң шектеулер коменданттық сағат емес. Бірақ, ол талаптарды сақтау керек. Ағайын, сақтық шараларын орындаңыздар, үйде болыңыздар, аман болайық! – деді ол.

 Сондай-ақ, Дәурен Әскербекұлы елімізде қайғылы жағдайдың орын алуы коронавирустың қаншалықты қауіпті екенін көрсеткенін де айтты.

ҚАТАҢ ШАРА ҒАНА ВИРУСТЫ ТОҚТАТАДЫ

 Қайғылы жағдай орын алса да, еліміз дер шағында шара қолданып үлгерді. Әуел баста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты «індет» деп жарияламай тұрғанда-ақ, Қазақстан вирустың алдын алуда қатаң шара қабылдаған елдердің тізіміне енді. Қытай іргемізде болса да, індеттің бізге Еуропаны аралап, Германия арқылы келуі – соның дәлелі. Демек, Үкіметтің уақытылы қабылдаған шаралары вирустың елімізде кеңінен таралуын біршама тоқтатты. Олай болмаған күнде, яғни, ауру белең алып, орны толмас өкінішке ұрынар болса, өзіміздікілердің «лағынетіне», өзгелердің «мазағына» ұшырайтынымыз анық еді.

Кез келген вирустың адамнан адамға жұққан сайын әлсірей түсетіні дәлелденген. Коронавирустың Қазақстанға біраз елді аралап барып, келуі де еліміздің медицинасын дайындап алуға уақыт беруімен қатар, оны жұқтырғандардың жазылып кету мүмкіндігін де арттыра түседі. Иммунитет қалыптасқан соң, уақыт өте келе бұл індет те кәдімгі тұмаудың біріне айналып, адамзат үшін аса қорқыныш тудыра қоймасы анық. Бірақ, әзірге Үкімет тарапынан жасалған қатаң шараларға бағынып, өзің үшін, жақындарың үшін жауапты болу – вирусты ауыздықтаудың бірден-бір жолы. Мәселен, италиялық вирусолог Роберто Буриони күн ысығанда вирус кетеді делінгенімен, коронавирусты шектеу шаралары ғана оны ауыздықтай алатынын айтты.

ОБЛЫСҚА ІНДЕТ СЫРТТАН КЕЛДІ

Пандемия әлемді өзгертті. Дүниені дүр сілкінткен індет тарихы әлі талай естелік қылып айтып, талай жазылатыны анық. Қазақстандықтар да – соның бір кейіпкері. Бірақ, дәл қазір өлім көрсеткіші жоғары елдер қатарына енбес үшін Үкімет тарапынан белгіленген шараларды сақтау маңызды. Оқшаулану талаптарын елемей, ауру жұқтырғандар саны минут сайын артқан Италия, АҚШ, Германия сияқты елдерде өзім білемдіктің соңы орны толмас өкінішке ұрындырғаны жайлы ақпарат жиі айтылуда. Тіпті, коронавирусты өзгелерге жұқтырдым деген ойдан құса болып, өз-өзіне қол жұмсаған да бар. Өзге елдердегі жағдай вирустың егде жастағылар мен басқа да созылмалы аурулары бар адамдарға тез жұғатынын көрсетті. Елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер бар. Біз алдымен өзіміз үшін, сосын үлкендеріміз үшін жауаптымыз. Адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ.

Ержан Жүнісов, облыстың бас инфекционисі:

Кез келген адам вирус жұқтыруы мүмкін. Бірақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар аса сақ болғаны жөн. Басқа да вирустық респираторлық аурулар сияқты 65 жастан асқандар мен иммундық жүйесі әлсірегендер жұқтырар болса, ауру өте ауыр өтеді, тіпті, қайғылы жағдайға да әкелуі мүмкін.

Облыста – 4. 314 адам карантинде болса, 152-сі үй жағдайында бақылауда. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың мәліметінше, барлық жағдай – сырттан әкелінген. Карантинге алу кезінде барлық сақтық шаралары толығымен сақталуы әзірге вирустың таралуын ауыздықтауға септігі тиіп отыр. Аурудың жұғуы өзі ішімізде жоқ.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button