Жаңалықтар

Қауіпсіздік шаралары қарастырылды

   Қақаған аязда даладағы суға түсу қаншалықты қауіпті екенін бағамдау қиын емес. Төтенше жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. Алда (18-19 қаңтар) христиан дініндегілердің суға шомылу шарасы келе жатыр. Христиандықтар үшін қасиетті саналатын діни мейрамның маңызы айтпаса да белгілі. Осы орайда, Қарағанды облысының дін істері басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатын бастаған облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Серік Тілекбаев жылдағы әдет бойынша биыл да облыс көлемінде крест түріндегі мұз ойықтарының (Иордань) әзірлігін мәлімдеді. Мәселен, Қарағанды қаласының басында орталық саябақта және Феодоровка су қоймасы мен тағы басқа орындарда арнайы мұз ойықтары әзірленген. Қала бойынша христиан дініндегі көпшілік келіп түсетін мұндай орындардың саны алтау болса, Бұқар жырау ауданында жеті орын белгіленіпті. Сондай-ақ, мұз ойықтары Жезқазған, Балқаш, Саран, басқа да қалалармен қатар, Абай, Осакаров аудандарында да қарастырылған.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қатпанов болса, бүгінге дейін белгілі болып отырған мұз ойықтары маңында төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жолға қойылғанын айтты. Облыс орталығы мен қала, аудандардағы бөлімдер тегіс хабардар. Әлдеқандай жағдай туа қалса, құзырлы орындар сақадай сай. Белгіленген орындардағы мұздың қалыңдығы мен адам денесіне жарақат түсіретін тұстары реттеліп, шешініп, киінетін жерлер қарастырылып қана қоймай, жедел жәрдем мен өзге де қызмет түрлері жолға қойылады. Ал, арнайы орындардан бөлек, жеке мұз ойықтарында шомылушылар төтенше жағдай орын алса, дер кезінде жергілікті жердегі бөлімдер мен бөлімшелерге хабарласса болады. Мұрат Қасенұлының сөзін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару тобының жетекшісі Руслан Сойко толықтырды. Қауіпсіздік шараларының қолға мықтап алынатынын ол да қаперледі. Сөз соңында әулие Введенский шіркеуінің діни қызметкері Константин Рублевский христиандықтардың шомылу шарасының қасиетін айтып, мән-маңызына тоқталды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button