Жаңалықтар

Аудан ахуалын бағамдады

   Жуырда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Сергей ЕРШОВ Жаңаарқаға арнайы ат басын бұрып, ауданның бүгінгі таңдағы ахуалын бағамдады. С.Сейфуллин мұражайы және «Ақерке» балабақшасының тыныс-тірлігімен танысқан халық қалаулысы сапар қортындысында жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, пікір алмасты.

Мандат иелерінен тысқары, аудан әкімі Юржан Бекқожин, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Хамзе Сәтжанов, салалық бағыттардағы мемлекеттік бөлімдер  басшылары  қатысқан алқалы жиынды жүргізу тізгінін аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов ұстады.

Өз сөзінде сапар мақсаты ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдау, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын назарға алу, тұрғындарды толғандыратын жағдаяттар мен түйіні тарқатылмаған көкейкесті мәселелерді зерделеу екендігін ескерткен Сергей Михайлович Парламент қабырғасында қабылданған Заңдар мен өзінің депутаттық қызметі туралы да кең көлемді ақпарат берді. Келешектегі істердің кемел болуы мақсатында жиынға қатысушыларды ашық әңгімеге шақырды.

Кездесуде аудан әкімі Юржан Бекқожин ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына сипаттамалық тұрғыда шолу жасады.

Іргелі аудан аумағында атқарылған ілкімді жұмыстардың маңызы мен қажеттілігін екшеген Парламент Сенатының депутаты аудандық мәслихаттың әр салада еңбек ететін депутаттарымен екіжақты терең түсіністік жағдайында әңгімелесе отырып, жалпы  бұқараның әл-ауқаты мен халықтың сұранысынан, талап-тілегінен туындайтын мәселелерге жіті құлақ түрді. Аудандық мәслихат депутаттары да орайлы сәттегі мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, ел көкейіндегі өзекті жайттарды орнықты көтере білді. Олардың қатарында, халық санының демографиялық өсіміне байланысты аудан орталығына жаңа балабақша мен жалпы білім беретін жаңа орта мектептің қажеттілігі атап өтілді. Бұл орайда, құрылыстың жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге қаржы қарастырылғанын еске сала кеткен жөн. Депутаттар тарапынан сонымен қатар, кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие алуға көмек беру, коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткілді мәселелерді ретке келтіру жайы да қозғалды. Облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов өзі басқаратын аграрлық колледждің қызметі хақында әңгімелеп, кәсіби білім беру мекемесіндегі толғақты жайттарды ортаға салды. Ал, аудандық  қоғамдық  кеңестің  төрағасы Хамзе Сәтжанов аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету сапасын жақсарта түсу мақсатында су құбырларын жөндеуге  қаражат бөлінуі қажеттілігін еске салды.

Өз кезегінде халық қалаулысы кездесуде көтерілген сауалдар мен ұсыныстарды назарға алып, тиісті жоғарғы құзырлы органдарға сұраныс жасайтынын мәлімдеді. Аудан тұрғындары үшін түйткілді жайт болып табылатын мәселелерді түбегейлі шешу үшін  барлық  күш-жігерін  жұмсайтынына сендірді.

Маңызды жиынды қортындылаған аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов Сенат депутатына аудан халқының атынан алғыс айтып, заң шығарушылық  қызметіне  табыс  тіледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button