Ауаны ластағандар жазадан құтылмайды
Облыстық экология департаментінің мамандарына Балқаш қаласының тұрғындары тарапынан арнайы су таситын көліктің далаға белгісіз қалдықтарын төгіп, ауаны ластап жатқаны туралы ақпарат түскен. Тұрғындардан түскен шағыммен Балқаштық экологтар қалалық депутаттармен бірлесе оқиға орнына барып, көлік жүргізушісін су төгіп жатқан жерінен ұстаған.
Тексере келе, көлік «Иваныч» дәмханасына тиесілі болып шыққан. Дәмхана қожайындары қалдық дүниелерді осы көліктің көмегімен сыртқа шығарып отырған. Аталған факті бойынша «Балқаш қаласының полиция бөлімі» ММ Қарағанды облысы бойынша экология департаментімен бірлесіп, кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттама жасайтын болады.
– 14 тамыз күні тұрғындардың шағымымен Балқаш қаласының екінші округінің депутаттарымен бірлесе «Иваныч» дәмханасына барып қайттық. Оқиға орнына барғанымызда жағымсыз иістің шығып жатқанына көз жеткіздік. Көліктің су төгіп жатқан жерінен ұстадық, – деді эколог мамандар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz