Ауқымды шаруаның бастауы

   Елбасының аграрлық саланы жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қарағанды облысында ауқымды шаралар қолға алынуда. Енді, аймақтағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қазақ ғылымының жетістіктері кеңінен пайдаланылмақ. Өткен жұмада облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ және Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек КҮРІШБАЕВ өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу аталған университет қабырғасында өтті. Білім ордасының ректоры тізгіндеген отырысқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысты. Қарағандылық делегацияның құрамында аудандар мен қалалар әкімдері, селолық округтер әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ветеринариялық-санитарлық инспекциялар өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындар мен аңшылық, балық шаруашылықтарының басшылары, фермерлер болды.

Жиынды ашқан Ақылбек Күрішбаев меморандумның маңызы туралы сөз өрбітті.

– Жоғары оқу орны мен тұтас бір облыстың агроөнеркәсіп кешені арасындағы мұндай әріптестік алғаш рет басталып отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасының аграрлық саласын жаңғырту жөнінде алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған тұңғыш практикалық қадам болып отыр, – деді ректор.

Әріптестік үш бағытта өрбиді. Яғни, мұнда агроөнеркәсіп кешеніне отандық ғылым жетістіктерін және озық шетелдік технологияны енгізу, саланы білікті жас кадрлармен қамту, облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің заманауи аграрлық біліктіліктерін жетілдіру жұмыстары қолға алынады.

Жиында Нұрмұхамбет Әбдібеков облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің былтыр қол жеткізген көрсеткіштерін атап өтті.

Сондай-ақ, университет ғалымдары нақты салаларда жүзеге асыруға болатын шаралар легін қарағандылықтар назарына ұсынды.

Ветеринария, мал шаруашылығы, аңшылық және балық шаруашылығы, жерді өңдеу және пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, кооперативтер құру, егіншілік және техникалық жабдықтау мәселелері бойынша тың жобаларды таныстырды.

Алқалы отырыс соңында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда сүбелі шаруаларды біріге қолға алуға уағдаласты.

Кемел істің басы болған облыс әкімінің бұл сапары туралы кеңейтілген мақаланы газетіміздің келесі санында назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.