БайқауБас тақырып

Атымтай азаматтардың асуы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Жомарт жүрек» байқауы өз мәресіне жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда Қарағанды облысынан қатысқан үш үміткер жеңімпаз атанды.

Байқаудың мақсаты – түрлі саланың қолдаушылары-кәсіпкерлердің еселі еңбегін, туған өлкесін түлетіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созатын қайырымды жандардың игі ісін көпшілікке насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету. Ізгілікті істі жалғастыру, адамға жақсылық жасау қанымызға сіңген қасиет. Осындай адамдықтың ақ жолынан айнымай жүрген арқа азаматтары – Бақтыбай Жүнісов «Жомарт жүрек» байқауының «Жыл тұлғасы», Нұрлан Қалтаев «Туған өлке», Сапар Ибкеев «Жыл меценаты» номинациясымен марапатталды.

Облыс бойынша 5 адамның кандидатурасы ұсынылған. Жеңімпаз тұлғалар мәдениет пен әдебиеттің қолдаушылары, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруге зор еңбек сіңіріп жүрген азаматтар.

– Бұл марапат лайықты табысталды. Азаматтардың осалы жоқ. Бақтыбай Жолжақсыұлы мәдениеттің жанашыры. Арқадағы айтулы шараларға демеушілік жасап, мәртебесін көтеріп жүрген жан. Сапар Көшкенұлы – әдебиет пен руханияттың үлкен қолдаушысы. Ж.Ташенов және елімізге белгілі бірқатар ұлы тұлғалар атындағы байқаулардың басты демеушісі. Нұрлан Айтмұхаметұлы – туған жерге туын тігіп, алтын бесік ауылдың өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген жомарт жан, – дейді облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұл.

– Еңбектің еленгені жақсы. Дегенмен марапат үшін жұмыс жасап жатқаным жоқ. Менің басты мақсатым – туған жерімді гүлдендіру, жері құнарлы мекенге ел толтыру, әрі жетімін жылатпаған елміз ғой, жаны жабырқау балалардың ата-ана қамқорлығын көруіне ықпал жасау. Туып-өсіп, бақытты балалық шағым өткен ауылымды сақтап қалу. 10 отбасын көшіріп әкелдім. 7 баспана пайдалануға берілсе, 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғаса береді, – дейді байқау жеңімпазы Нұрлан Қалтаев.

Адамшылық қалпынан таймаған арда азаматтардың ел үшін атқарып жатқан іргелі істері әркімге де өнеге боларлық.

Сағыныш ӘБІЛ.  

Басқа материалдар

Back to top button