Жаңалықтар

Қателік қайталанбасын десек…

Кеше Елорданың Сарыарқа ауданы, Көктал-1 тұрғын үйлер алабындағы жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес бірдей баласын тілсіз жау жалмады. Өртті сөндіру барысында өрімдей 5 баланың мәйіті табылды. Оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Осы орайда облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері сақтық шараларының маңыздылығын ескертеді.

– Кейінгі жылдары оқыс оқиғалардың салдарынан балалардың ажал құшуы көбейіп барады. Жеке тұрғын үйлерде өртті болдырмау, өрт қауіпсіздігін сақтау туралы аз айтылып жүрген жоқ. Сонда да, жеке тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары азаймай тұр. Мәселен, биылғы жылдың басында, яғни, 29 қаңтар күні Сәтбаев қаласы, Байқоңыров көшесіндегі үйде тұтанған өрттен бір бала көз жұмды. Жалпы есепте өткен жылы облыста 1787 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 42 адам қайтыс болды. Олардың екеуі бала еді. Сондықтан, жас балаларды жалғыз қалдырмаған жөн. Жақыныңыз немесе туысыңыздың қарауында қалдырғаныңыз абзал. Әрине, қатерден түбегейлі сақтана алмайсың, бірақ, ұрпақ қауіпсіздігі үшін қолымыздан келгенді істеу – біздің міндетіміз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде орын алған. Былтырғы жылы отты абайсыз қолданудан – 744, электр жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы себепті 556 оқиға тіркеліпті. Пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағандар саны 250-ді құраған. Өрт кезінде газбен уланып 13 адам қайтыс болған. Оның ішінде, 2 бала көз жұмған.

Қателіктер қайталанып, өкініштен бармақ тістемейік десек, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындауға ықыласты болғанымыз жөн.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button