АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ
Осы бір қастерлі ұғымды әрбір қазақстандықтың жүрегіне жөргектеп, көңіліне ұялату – қоғамдық міндеттердің маңыздысы.
Конституция – мемлекеттің төлқұжаты, Тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі де, кепілі. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын, кез келген елдің, кез келген мемлекеттің пайда болуы, қалыптасуы, дәуірлеп-өрлеуі белгілі бір қағидаға сүйеніп жүзеге асатыны көне тарихтан белгілі. Ішкі іріткі мен сыртқы жаудан келген қауіп-қатерге сес болатын айбарлы Ата Заңы болмаған елдің тәуелсіздігі баянды, болашағы жарқын болуы мүмкін емес.
Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Сібірге дейінгі атырапты алып жатқан ұлан байтақ даланы шоқпармен ғана қорғаған жаужүрек бабаларымыз ұрпағына сарқылмас қазына қалдырды. Қай кезде де дұшпан көзінің сұғына айналып келген алтынымыз бен күмісімізді, мысымыз бен мырышымызды, мұнайымыз бен уранымызды баға жетпес қазына емес деп кім айта алады? «Қасым ханның қасқа жолымен», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген қазақ елі тарихтың небір тауқыметті жылдары мен сындарлы сәттерін басынан өткерді. Үзеңгіден аяғын, қорамсақтан қолын алмай жүріп, салқар даланы жаудан қорыған бабаның сондағы арманы не еді?
Асқақ рухты бабаның асыл арманы Тәуелсіздік болған. Иншалла, ғасырлар бойы баба арманы болып келген азаттық таңын біз көрдік. Сол үшін де біз – бақытты ұрпақпыз.
Ал, біздің бабаларымызға бұйырмай, бізге нәсіп болған сол қастерлі бақытымыз қалай қорғалады? Әрине, Ата Заң аясында.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Айбарлы Ата Заңымыздың қабылдануы – тарихи сәт. Конституция қабылданар сәтте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың:
– Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз, – деген тарихи сөзі бар.
Міне, біздің Ата Заңымыз арқалаған жүк қандай ауыр!
Иә, біздің азаматтық құқығымыз да, қойнауымыз толған құтымыз да, жалпы Тәңір сыйына балап жүрген Тәуелсіздігіміз де Ата Заң талаптары негізінде қорғалады. Демократияның барлық принциптеріне негізделіп жасалған біздің Ата Заңымыз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы әлеуетіне кемелді тұрғыдан кепіл болып келеді.
Конституция талаптары бойынша мемлекеттің басты құндылығы – адам, адам өмірі және азаматтардың құқықтары мен бостандығы болып табылады. Сондай-ақ, елдегі қоғамдық-саяси жүйенің қауіпсіздігі, ішкі-сыртқы саясаттағы ел тынысы, атқарушы және өкілетті билік функциялары түбегейлі тұрғыдан Конституцияның басты баптарына енгізіліп, мемлекеттік тұтастықтың тұғырын биік етіп тұр.
Ал, тұтас қоғамға қорған болып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген айбынды Ата Заңымызды біз қаншалықты деңгейде дәріптеп, қаншалықты деңгейде насихаттап, қаншалықты деңгейде қастерлеп жүрміз? Мәселе – осында.
Өкінішке орай, біз елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың, бүкіл халықтың игілігіне қызмет ететін экономикалық өрлеу мен қазақстандық патриотизмнің басты-басты принциптерін өне бойына жүк еткен Ата Заңымыздың құндылығын дәріптеуді өз деңгейіне көтере алмай келеміз. Неге десеңіз, Ата Заңымыздың төңірегінде тек 30 тамыз, яғни, Конституция күні қарсаңында ғана әңгіме өрбітіп, қалған уақытта «жұмған аузымызды ашпайтын» немқұрайдылығымызды қайда жасырамыз? Тек мемлекеттік мүддені көздейтін, сөзі де, ісі де мемлекетшіл рухта өрбуге тиісті мемлекеттік қызметкерлеріміздің өзі Конституцияны лауазымдық сатылау кезіндегі тест сынақтарында ғана қолға алатыны да құпия емес. «Мемлекеттік мереке» деген статусы бола тұра, Конституция күні мектептерде де дұрыс дәріптелмей келеді. Өйткені, Ата Заңымыздың айтулы мерекесі мектеп оқушылары үшін жазғы демалыстарының соңғы күндерінің еншісінде кетеді. Сөйтеміз де, «қазіргі жастарда отаншылдық сезім жоқ» деп көлгірсіп шыға келеміз.
Әрбір қазақстандықтың көкірегіне Ата Заңның құндылығын сіңіріп, оны насихаттаудағы осы сияқты толып жатқан енжарлығымызды жоймайынша, қоғамның бықсып жатқан қоламтасы еш уақытта алауға айналмайды.
Сондай-ақ, мемлекеттің Конституциясы – белгілі бір іс-шараның немесе мерекелік концерттің сценариі емес. Ол – мемлекеттік құндылық. Солай бола тұра, кейбір оппозициялық бағыттағы ұйымдар демократияны желеу етіп, Конституцияны сынауға әзір тұратынына таңым бар. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп олар тартқан сын садағы қарапайым халыққа қалай әсер ететінін түсінуге тиіспіз. Мәселен, Конституцияны оқымақ, дәріптемек түгілі, қолына да ұстап көрмеген азаматқа билікті нысанаға алған оппозициялық көзқарастағы пікірдің майдай жағатыны – басы ашық ақиқат. Конституция жеке тұлғаның емес, тұтас мемлекеттің мүддесін қорғайтын қастерлі құжат екенін ескермей, жөн-жосықсыз сын айтуды дағдыға айналдырған әлгіндей топтардың ілігі ел ішіндегі бүлікке бастау болмасына кім кепіл?! Біздің Конституция Парламент палаталарының бірлескен отырысында немесе Үкімет жиынында жабық түрде қабылданған жоқ. Ашық қоғамда ұзақ талданып, талқыдан, отандық және шетелдік саяси сарапшылардың сүзгісінен өтіп барып, жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны есімізде шығар. Олай болса, өз талғамымыз бен өз таңдауымыздың тамырына балта шабуға неге құштармыз?
Бәлкім, оппозициялық топ өкілдерінің Ата Заңымызды өткір сынауына өзіміз жағдай жасап отырған шығармыз?.. Былай қарасаңыз, басқа заңдар мен нормативтік-құықтық актілер талабы түгілі, бізде Конституцияның талаптары орындалмай жатқан олқылық бар емес пе?!
Мысалы, Ата Заңымыздың 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп «тайға басқан таңбадай» болып тұрған зор талап орындалып отыр ма? Жоқ, әрине. Кез келген заңдар мен заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың өзінде барлық мәселе ресми тілде реттеліп жатқанын көзіміз көріп отыр. Сондай-ақ, 14-бапта: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» делінген. Ал, шын мәнінде солай ма? Сыбайлас жемқорлықтан арылып, қоғамда әділеттілік салтанат құрғанша бұл баптың да алдында ұяттымыз. Өзі қорған болып отырған қоғамына талабын орындата алмай келе жатқан Конституциямыздың «тауы шағылып» жүрген тағы бір бабы – 20-бап. Бұл бапта: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тиым салынады» деген «таудай талап» бар. Ал, құзырлы орындармен біте қайнасқан астыртын цензураның тамыры тереңге кеткелі қашан?!
Тізбелей берсек, Ата Заң талаптарын орындау барысында осындай мазмұндағы олқылықтарымыз жетіп жатыр.
Қалай болғанда да, Тәуелсіздігіміз нығайып, әлем елдері алдында әжептәуір абырой-беделі бар елміз. Тұғырлы елдің бәсекеге қабылетті 30 елдің ортасынан ойып орын алатынына көзіміз осы бастан-ақ жетіп отыр. Серпінді сеніммен ілгері басқан іргелі елдің сабырлы саясаты мен әлеуетті экономикасы талайларды таң қалдырып, таңдай қақтырып отырғаны көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Әлемдік қауымдастық алдында асқақ абырой, зор беделге ие болуымызға да, кейбір сын-қатерлер сәтінде бітімгерлік тізгінін ұстап, дағдарыс дақпыртында жолбасшылық жасауымызға да айбарлы Ата Заңымыздың демократиялық принциптері зор септігін тигізгенін де дәлелдеп жату артық шығар.
Олай болса, Ата Заңның абыройын асырып, барынша кең тұрғыда насихатталуын қамтамасыз ету, оны барынша қастерлеу – барша қазақстандықтың ең жауапты парызы дер едім.
Тәуелсіз Қазақстан – Ата Заңымен айбарлы!
Ерсін МҰСАБЕК