АбайАймақ

Ғасыр әже

102 жастағы Сәбилә Орманбаева қыстың әр таңын қар тазалаумен қарсы алады. Абай ауданы, Құлайғыр ауылында тұратын Сәбилә әже салауатты өмір салтын ұстанады. Жасы жүзге жетсе де мал шаруашылығы мен үй тірлігін әлі де қатар алып келеді. 1930 жылдары астық өсіріп, 17 жасында Құлайғыр ауылында сауыншы болып еңбекке араласады. Күніне 30 сиыр сауып, озаттардың қатарына қосылған.

– Таңертең ерте тұрамыз, 30 сиырды сауып үлгеру керек. Жұмысты тез орындайтындардың бірі болдым. Жұмыс талғамадым,– дейді Сәбилә әжей.

Қарт әже отағасынан ерте айырылып, тоғыз баламен қалады. Еңбекпен қоса қоғамдық шаруаларға да белсене араласты. Күндіз колхозда жұмыс істеді, түнде үй шаруасымен айналысты, ұршық иіріп, киім тоқыды, бала тәрбиеледі. Балалары аналарының нағыз үлгі тұтатын жан екенін мақтанышпен айтады.

– Жұмыстан кейін үйге қайтуға асығатын едім. Тіпті, көршілермен жиналып, шай ішуге де мүмкіндік болмайтын. Мен үшін маңыздысы балаларыма дұрыс тәрбие беріп, оларды аяққа тұрғызу еді.

Кейінгі уақытта екі сиырдан сауып жүрмін. Маған мүлдем қиын болмады. Қазір үй жинап, пеш жағамын. Қыста даланың қарын тазалап, дәмді тамақтар пісіремін. Сүйікті ісім болғандықтан көңілім көтеріліп, сергек жүремін. Осы уақытқа дейін ауырмадым деуге де болады, бірақ екпе алудан қорқамын, – дейді 102 жастағы әже.

Сәбилә Орманбаева «Еңбек даңқы» орденімен, «Алтын Алқа», «Ана даңқы» медалімен марапатталған. Құлайғыр ауылының ең үлкен тұрғыны сайлау кезінде дауыс беріп, ауылдың қоғамдық өміріне атсалысып отырады.

– Шаруа істемесе көңілі көншімейді. Үйдегі жұмысын ешкімге сеніп тапсырмайды,– деді әжейдің көршісі Анна Вимова.

Сәбилә әжей 25 немере 6 шөбересінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуде. Мереке қарсаңында аудан әкімі Сәбит Оспанов әз әжені үйіне құттықтап барып, сыйлығын табыстады.

Ақерке МҰХАММЕД-АЛИ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 4-курс студенті

Абай ауданы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button