Ғасыр жасаған ғазиз аналар

         Жақында аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ және аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сейілхан ҚҰРМАНОВ ғасыр жасаған аналарды мерейтойларымен құттықтады.

        Киевка кентінің тұрғыны, тыл еңбеккері, тоқсанның алтысына келген Сыздықова Сақып әже мен Қарой ауылының тұрғыны Бишембаева Айымкүл әжеге арнайы барып, сый-сияпат жасады. Әр шаңырақтың ақылшысы, берекесі болып, ауыздарынан «айналайыны» түспей отырған ғасыр жасаған аналар өздеріне көңіл бөліп, арнайы келген азаматтарға алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

       Қаройлық Айымкүл әже қаңтар айының бірінші жұлдызында 105 жасқа аяқ басты. Шаңырақтың шаттығын еселеп отырған екі ғасыр куәгері, сүт кенжесі Аманжолдың қолында. Немересі Мұрат Аманжолұлы ата-анасы мен әжесінің ұрпақ жалғастығы, қазақы дәстүрмен шаңырақ иесі атанып, айрандай ұйыған, кең керегелі, биік шаңырақтың, мызғымас уығындай болып отыр.

      12 құрсақ көтеріп, жеткізген ана бүгінгі күні 22 немере, 44 шөбере, 5 шөп­шек, 2 немене сүйіп, олардың қолынан су ішіп отырған жайы бар.

Біздің әжеміз секілді үлкен кісілер қай шаңырақтың да ырыс-берекесі, алтын қазынасы ғой. Ғасырдан асып отырған анамыз біздің шаңырақтың да ажары, көркі. Сондықтан да болар, отыз алты жыл бойы бір сөзге келмей, бір үйде жарасымды ғұмыр кешіп жатырмыз, – дейді алпысты алқымдаған келіні Гүлнәр Кәмәлиденқызы.

        Көненің көзіндей, асылдың сынығындай болған, кейуана күні бүгінге дейін жазда қолына күрек алып, бақшаның, қыста қорадағы малдың күйін бір қарап шыққысы келіп тұрады екен. Өмірлік жарынан 30 жасында қалып, еңбекпен пісіп жетілген жанның қозғалыссыз отыра алмауын ұрпағы қош көріп отыр. Ұзақ жасауының сыры да осы еңбекте, үздіксіз қозғалыста жатыр-ау деп пайымдап қояды немерелері.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.