Қасымның кескіні

Қазақ баспасөзінің қариясы Қасым Орынбетов сексенге келіп жатыр. Жаз, – деп ол айтқан жоқ, жазамын, – деп мен уәде бермегем. Бірақ, жарты ғасырдан астам жолдас болып келе жатқан жаныңа жақын жан ғұмырының бір белесіне көтеріліп жатқан кезде жақ ашпай қалуым қалай болмақ?! Оның үстіне, алғаш қауырсын қанат өлеңдеріме қамқор болған да осы кісі еді ғой…
Менің алдымда, аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің, шамасы, 1967 жылғы қиындысы жатыр. Мұнда етегі шолақтау келетін төртінші беттің екі колонкасына «сәт сапар» сөзі жазылып, шашы көзіне түскен бір бозбаланың суретімен қоса шағын келген төртбес өлеңі берілген. Тұрқы тобықтай келген «сәт сапардың» бастапқы сөйлемі мен соңғы сөйлеміне қараңыз: «Жас жігіт алғаш рет өлеңдерін ұсынғанда, біз газет қызметкерлері, шынын айтсақ, таңдай қағыстық… Бүгін біз талапкер жастың қиын белеске құлаш ұрғанына сәт-сапар тілеп, кәне, ЖырАсауыңды үйретіп көр, жігітім, – дейміз». Осы батагөй сөзді жазғанда Қасым ағамыз жиырманың жетеуінде, мен болсам, он сегізге енді толған екем.
Содан бері аттай елу үш жыл өтіпті. Біріміз ойда, біріміз қырда жүрсек те, қарымқатынасымыз үзілген емес. Бізді жақындастырған – сөз өнеріне құмарлығымыз бен болмысымыздың ұқсастығына қалтқысыз сенгендігіміз. Және бұл сенім күні бүгінге дейін селкеу тартып, секем білдірмепті.
Қаскең өзі туған Ақтоғай ауданының, жалпы аймағымыздың баспасөз қызметін қалыптастыруда ізашар қызметін атқарған байырғы журналист. Көбіне басшылық қызметте жүрді. Ол кездің дәстүрі бойынша, редактор, орынбасарлар дегеніңіз бас мақаладан әріге баса қоймайтын. Қасекең – осы үрдісті «бұзып» ел тұрмысы, замана ағымы турасында толымды ойларын тобықтай түйін етіп бере білген қаламгер. Кеудесі тұнған тарих, тусыраған шежіре. Бірақ, соны газеттің күнделікті тірлік аясында қолданғаны болмаса, өзінше шығармашылық жолына түсіп, барын бадырайта көрсетуге ұмтылмаған жан. Мұның бір атын атаққа атүсті қарайтын қарапайымдылық десек, екінші атын – барын бағалай білмеген немқұрайдылық, – дер едік. Өзі жиған қордың ширегін де тартпайтын біреулер қалыңдығы шіре қарыс кітап шығарып жатқанда, бұл кісінің жүрісі – осы.
Біреулер бар – жазуға жүйрік те, ауызшаға шорқақ, енді біреулер жазуға жалқау да, айтуға алғыр. Қасым Орынбетов осының соңғысына жатады. Ол – ауызша әңгіменің шебері. Жайлы орында жайғасып, шежіреқап тың аузы шешіліп кеткен кезде айтары бір таңға үзілмейді. Және бір ізін екі қайта баспайды. Мұның «қызығын» Балқаш жағында жүргенде де, Алматыдағы үйімде қона жатқанында да талай рет бастан кешкенмін. Әйгілі Нарманбет ақынның әкесі Орманбет бимен атасы бірге туысатын жуан тұқымның жалғасы Қаскең әңгімедүкенге келгенде аста төк болғанымен, алдына жайған ассуды алуға келгенде аса кірпияз. Шұқып қана жейді, таңдап қана татады. Алдындағы ащы судан зәуімде бір ұрттап қойып, елдің өткенкеткен тарихын қопарған ұшықиырсыз әңгімесінің аяғы таңғы төртке ұласқанда жапжақсы мәжілістің тыңдаушысын жазалау актісіне айналып кететіні де бар.
Қаскеңнің мұндай «қатыгездігін» мендей басынан көп кешкен адам жоқ та шығар. Жұрттың бәрін өзіне санайтын қызық кісі ғой, қызық кісі… Енді бірекі сағаттан кейін таң ататыны, алдында отырған біз пақырдың қызметке баратыны, бұл үйдің де әйелінің жаны бар екені, кеше кештен бері түн ортасына дейін шайсуын ысытып тыным таппағаны, баласы мектеп пен балабақшаға баратыны, тіпті, Қасымнан басқа да шаруалардың құрып қалмағаны қаперіне кірмейдіау, кірмейді.
Бірде екіүш күн ошап жатқан Қасымды көршілес үйде тұратын Ерғали атты тобықты туысына жіберіп, өзім жұмысқа кеттім. Сонда, Қаскеңнің түске дейінгі айтқан әңгімесін тыңдауға шыдамы жетпеген Ерғали: «Енді жатып ұйықтамасаң атып өлтіремін» – деп ақмылтығын кезеніпті. Мұның қалай илесе де көне беретін Абзал емесін сезініп, зәресі зәр түбіне кеткен Қаскең сол «ұйықтағаннан» сол үйдегі орысшалау келін жұмыстан келгенше «тұяқ серіппей ұйықтаған» ғой.
Сондағы келіннің сөзі: «Есікті ашып кіргенім сол еді, бетібасын көкала сақалшаш көмген бір шал жастықтан басын көтеріп алып, «сәлеметсіз бе, – деді де, қайтадан басын жастыққа қоя қойды». Қайран қаһарлы қарудың күшіай. Бұл кісінің ақ мылтығың болмаса, айтқаныңа көнбейтін осындай мінезі де бар.
Соған қарамастан, өзі аса ақкөңіл. Кісіні жатсынбайтын көпшіл. Ортаны жатырқамайтын ортақшыл. Дүниенің бетіне қарамайтын шашпа. Қатарынан тәуірлеу киінетін сәнқой. Сәнқойлығының да сыры белгілі. Байлығы асқаннан емес. Өмір бойы аудандық тұтынушылар одағында, дефицит тауарлардың ортасында қызмет еткен Бикеш тәтемнің (иманды болсын) арқасы. Содан жұртта жоқ поляк кәстөмін киген, жақында жоқ Мәскеу галстугін мойнына іліп, чех топлиін тобығынан басқан, бала кезгі бұзақылықтан қасы қиқыжиқы бітіп, балдырған кездегі бейқамдықпен ат тұяғынан төбесі ойылған, қысық көзін Алла кемсітіп, лупакөзілдірік тағынған, көркем дейін десең, көркем емес, сұрықсыз дейін десең, сұрықсыз емес, қапсағай қаңқалы қара жігіт құтырмай ма?!
Бірақ, құтырғаны ұзаққа бармайды. Сегізтоғыз жас кіші бізді былай қойғанда, қайтпай қаржасатын құрдасқатарласы қаншама?! Жұрт біткеннің әйелі дефицитдүние төңірегінде жүрген жоқ қой. Ақкөңіл адам жұлмалауға жақсы. Үйіне бірде кәстөмімен «ажырасып» келсе, бірде топлиін «талақ» тастап оралады. Әйеліне айтатын уәжі: «Әлгі Рымқұл қулар тонады…» Іссапармен келіпкетіп жүрген кездерінде біздің де тәуір жейдесі мен бірер байламасын барымталағанымыз бар.
Жоғарыда Қаскеңнің көп «қорлығына» көнгенімді айттым. Содан ба екен, әлде басқа да себебі бар ма, қашанда мені тонның ішкі бауындай көріп жүргені. 1979 жылы тұғыш кітабым шыққанда Жезқазғаннан біздің Приозерный ауданына іссапармен келген ол жинағыңның көрімдігі, – деп таза күмістен соғылған үлкендігі баланың жұдырығындай қалта сағатын лақтырғаны бар. Сирек кездесетін осы мүліктің шынжырының өзі бір қараға татитын едіау.
Аудандық газеттер мен облыстық газеттердің отымен кіріп, күлімен шыққан Қасым Орынбетов бұл өмірде қағаз бен қаламнан басқаны таныған жан емес. Басқа кәсіптің бодауына бір күнінің де бұйдасын ұстатқан емес. Ауданда жүрсе, ауданның, облыста жүрсе, облыстың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Өзі қамтитын аймақтың күйіп тұрған мәселелерін көтерген оның үлкендікішілі проблемалық мақалалары, іс басынан жүргізген репортаждары, еңбек адамының еңселі бейнесін байыптаған суреттемелері мен очерктері бүгінде сарғайған газет тігінділерінің ішінде сыңсып тұр. Баспасөздің өкімі атқарушы билік құзіретінен бір де кем болмаған сол заманда Қаскең қаламынан туған сын мақалалардың да қоғам кемкетігін түзеп, кемел іске жұмылдыруда елеулі рөл атқарғаны даусыз. Қасым Орынбетов халқына осылай дабырадүбірден аулақ, аңғары кең, ағысы білінбейтін терең өзендей байыпты қызмет етті.
Осыдан он бес жыл бұрын «бабам түсімде аян беріп, жетпіс үш жыл жасайтынымды айтты» деп қуанған Қасекең, сол межеге жеткенде әуелгі ойынан айнып, сексеннен секіруге «заявка» берген екен. Бүгін сол межені алды. Өзімен қатты қалжыңдасатын баласы Ілияс «майып боп кетпе, шал», – дей беруші еді. Содан аман болса, тоқсанның тұжырымы бойынша да чемпиондық белбеуін тағар. Алла қуат берсін деңіз.
PS. Осы Қаскең 2016-жылдың 10-мамыры күні қоңыр ымыртта телефон шалып, көңілсіз күйін көңірсітті. Сол сәтінде қағазға түскен өлең жолдарын кейіпкеріне табыстаудың реті енді келді ме деп отырмын.
АЛАГЕУІМ
Қасеке, өмір солай, өмір солай,
Қартайсаң құлазиды көңілсарай.
Жастықпен кетіп қалды жарқын жылдар,
Күн батса, көтерілер өлімсек Ай.
Ай түгіл, тарта берер күн бұлыңғыр,
Үй емес, үйіңіз бір ырғын үңгір.
Тәйт, – дейтін тәтем де жоқ.
Қайтем енді,
Көңілден айықпайтын кірбіңің бұл.
Жұмыс, – деп жөнелетін атып ала,
Балаң не, келінің не, – аты ғана.
Тілдесер жан таба алмай,
Ренжитін
шығарсың жақынға да, жатыңа да.
Қасеке, көңіліңді құлазыған,
Күндердің, – деп ойлаймын, – нұры азынан.
Дегенмен, сабырға кел.
Бұл өмірде
көп емес тірлігіне разы жан.
Асушы ең Тараз, Талғар, Аспараға,
Адымың енді одан жасқана ма?
Шашылған шемішкедей махаббаттың
Таппассың қабығын да, қасқа бала.
Беттесе белесінен көшің ойға,
Таппайсың тоқтатуға тосын айла.
Бұл жақты күңгірт, – десең, ана жақ бар,
Бұдан да күңгірт онда, осыны ойла.
Абзал БӨКЕН.