Бас тақырып

Іштен шыққан шұбар жылан… (Қасымды ғана емес, Қазақты қорлау ғой – бұл!)

Әңгіме – ұлттың ақыл, ары мен намысын мазақ қылғысы келгендер хақында. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі Қасым – мен үшін ұлт руханиятының бет-бейнесіне айналып кеткен тұлға. Сіздер үшін де солай болса керек. «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, мен – қазақтың баласы!» деген Қасым ғой. Демек, Қасымға жасалған қиянат, Қасым өмірбаянын қасақылықпен бұрмалаушылық, оның ақын атын келеке қылу – Қазақ руханиятына жасалған қастандық емей не?! Әңгіме мынадан басталды…

Жұмыс барысымен Қасым өмірбаянына қатысты бір датаны нақтылау керек болды. Ғаламтордағы википедияны (wikipedia) ашып, ақын өмірбаянын оқып отырып, төбемнен жай түскендей жайға қалдым. Сайттың бетпердесіндегі ақын суретімен қысқаша ғана өмірбаянындағы деректер былай жазылыпты:

«Туған жері: Қызыл, Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы, Ресей империясы.

Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, КСРО.

Мансабы: поэт, публицист, аудармашы.

Жанры: тақпақ, поэма, фельетон».

Ал, керек болса! Ақын тақпақ жаза ма? Немесе кезінде көшпелілер езгісінде болған орыстар сол уақыттағы тұлғаларын «Алтын орда ұлысының тумасы» деп таңбалай ма? Бұл Қасым арқылы Қазақ ұлтын келекелеп, мұқату ғой! Мұны ғаламтордан оқи сала күйіп кеткен біз бірден суретке түсіріп, әлеуметтік желіге (фейсбук), көпшіліктің назарына ұсына қойдық. Әрі әрбір интернет қолданушы тіркеліп, википедия мәліметтеріне толықтыру енгізе алатын болғандықтан, ғаламторға жетік біздің газеттің онлайн-редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлына түзету енгізуін өтіндік. Ол: «Туған жері: Қызыл, Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы, Қазақстан.

Қайтыс болған жері: Қазақстан.

Мансабы: ақын, публицист, аудармашы.

Жанры: поэзия, поэма, фельетон» – деп қолма-қол өзгерткенін қайтейік?! Қасымға өшіккен әлгі әбжылан уын тағы шашыпты…

Ішіміз бір сұмдықты сезген біз ғаламторды екінші күні қайыра ашып, ақын өмірбаянын тексерсек, баяғы таз қалпына түсіріп қойыпты. Тек қана ақын деген түзетуімізді қалдырыпты да, Ресей, КСРО, тақпақ деп қайта «редакторлық жасапты». Және Нұрлыханнан кейін сайтқа кіріп, Қасым өмірбаянын қасақана бұрмалаушы өзі толтырған деректер бойынша, википедияда админ қызметін атқарушы, ана тілі қазақ тілі саналатын іштен шыққан шұбар жылан болып шықты. Википедия сайтына тіркелгелі 7 жыл, он ай болған, түркі тілдес википедия конференциясына қатысқан қазақстандық екен. Ұлтының ар-намысын таптап, рухани қылмыс жасаушының көксегені не сонда?!

Әлеуметтік желіде біз Қасым өмірбаянына қатысты әлгі «түзетулер» жайын сөз еткенде де тосын пікірлерге тап болдық. Біреулері жағасын ұстап таң қалса, енді біреулері Қасым ақын өмір сүрген тұста Ресейдің қоластында болғанымызды жоққа шығара алмаймыз дегенді алға тартыпты. Ал, сіз не дейсіз, оқырман?..

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button