Қасым-Жомарт Тоқаев: “Бөлінген қаражаттың құмға сіңген судай болмауы өте маңызды”
Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын сапалы түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, вирустан кейінгі кезеңде аталған бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылатынын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінеді. Бөлінген қаражаттың құмға сіңген судай болмауы өте маңызды. Мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет болған. Сондықтан Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті. Менің қолымдағы сараптама бойынша, мұның басым бөлігі уақытша жұмыс орындары екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан кейін 13 мың адам ғана тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі екен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент көктемгі егіс науқанын уақытында және сапалы атқаруды тапсырды. Шаруашылықтарды пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және жанар-жағар май сатып алумен қамтамасыз ету керек. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге жуық, яғни, 170 миллиард теңгеге дейін артты.
– Жаңа тыйымдарға, квоталарға байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұрақтары көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға жедел жауап беруі керек. Бірыңғай колл-орталық қажет. Көктемгі егіс жұмыстарын қолдауға бөлінген қаражатты тиісті жерлерге уақытында жеткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.