Жаңалықтар

“Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы…”

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Осы орайда қалалық М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясында қазақтың мақтанышы Абай атамыздың құрметіне 3-ші сынып мұғалімдері М.ТҮСЕНОВА мен Н.СМАҒҰЛОВАНЫҢ ұйымдастыруымен «Адам – ақылдылық пен сүйіспеншілік, адамгершіліктің жиынтығы» тренингі өтті.

Мектеп ұстаздары және ата-аналардың қатысуымен өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы Абайдың «Толық адамы» сөз болды. Ата-аналар арасында өткен викториналық ойындар Абай шығармаларындағы отбасы, имандылық, денсаулық, білім тақырыптарын кеңінен қозғады. Ақын өлеңдерін, қара сөздерін оқып, ерекше әсер алып қайттық. Шығармаларына зер салсақ оның үнемі елінің алға жылжуына, дамуына ниеттес болғанын, елінің ғылымды игеруіне баса назар аударғанын көреміз. Ал, дамудың негізі білім мен ғылымда. Бұл көзқарас қазір де өзекті. Осыны мектеп мұғалімдерінің оқушы санасына құйып, ата-аналармен бірге талқылауы – тренингтің мақсатын айқындады. Ақын шығармалары қашанда біздерді мақтаншақтық пен жалқаулықтан арылып, қайраттанып еңбек етіп, білім іздеуге шақырады.

Біз елдің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ата-аналармыз. Сондықтан, балаларымыз білімді, тәрбиелі болуы үшін, ең алдымен өзіміз оларға үлгі болуымыз керек. Сондай-ақ, еңбекқор болуға тәрбиелеуіміз де балаларымыздың ертеңіне бейжай қарамайтындығымыздың белгісі. Осы орайда Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай әр отбасы аптасына бір рет ақын өлеңдері мен қара сөздерін балаларымен отырып бірге оқыса нұр үстіне нұр болар еді.

Динара МАУҚҰЛОВА,

қаржы басқармасының бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button