Ресми

Асыл мұраттар асуы

Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде Ассамблея қазақстандық қоғам үшін маңызды мәселелер туралы бастама көтеріп, көптеген шараларға мұрындық болып келеді. Алдағы уақытта да Ассамблея мүшелері өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен әлеуметтік кеселдерге қарсы күресте күш біріктірмекші.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Достық үйінде өткен кездесуде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ел тарихындағы орны мен маңызына тоқталды, жаңа міндеттерін талқылады. Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этнобірлестіктердің, бірқатар басқармалардың басшылары болды.

Биыл ақсақалдар кеңесінің жұмысы республикалық деңгейде атап өтілді. Оның төрағасы Бекзат Алтынбеков атқарылған жұмыс­ты атап өтіп, бастамалар ұсынды. Кеңес төрағасы кеңеске өңірлерден өкілдер тарту тиімді деп санайды. Олар жастарға үлгі болатын азаматтар болуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова отбасылық тәрбиенің рөлі туралы айтты.

– Республикалық Аналар кеңесі «Өзіңнен баста» акциясын қолға алды. Балаларға жас кезінен заңға бағыну қажеттігін санасына сіңіру маңызды. Яғни, құқықтық тәртіп туралы дұрыс түсінігі болуы үшін аймақтық деңгейде біз бұл жұмысты жүргізуге ниеттіміз. Сондай-ақ, Президентіміз айтқан бес әлеуметтік кеселмен күресіп, оған қарсы насихат жұмыстарын күшейту керек. Дегенмен, бұл мәселе отбасынан бастау алатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан, аналар кеңесінің бұл мәселеде үлесі зор деп ойлаймын, – деді Айжан Қиясова.

Облыс басшысы нашақорлықпен күресте барлық құрылымдардың жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты.

– Барлығымызда бала өсіріп отырмыз. Нашақорлық – қоғамның үлкен дерті. Онымен күрес­ке қаржы керек болса, табамыз. Бұл бағытта не ұйымдастырылса да санына емес, сапасына мән берілгені дұрыс. Жастардың санасына оның дұрыс емес екендігін сіңіру маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Вилен Молотов-Лучанскийдің айтуынша, жастармен жұмыс жасау кезінде кері байланыс пен тікелей диалог маңызды.

– Біз отырыстар форматынан шығып, тікелей қарым-қатынас жасауға көштік. Пафостық әңгімелердің орнына нақты шаралар қажет. Көптеген кездесулер мектеп оқушыларымен де өткізілді. Қоғамдық және саяси тақырыптар бойынша зерттеулер, экспедициялар, конференциялар да жалғасады. Қоғамдағы маңызды шешімдер мен бастамалар біздің назардан тыс қалмайды, – дейді ол.

Белгілі кәсіпкер Шамиль Осин – «Жомарт жан» орталығының жетекшісі.  Ол Ассамблея мүшелерінің қайырымдылық қызметі туралы айтты. Олар су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға үлкен көмек көрсеткен. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудан да тыс қалмайды. Осы ретте Ермағанбет Қабдулаұлы облыстағы 68 мектеп жаңғыртуға таңдалып алынғандығын айтты. Ол мектептер жайлы білім ошағы деңгейіне жететін болады. Барлығына да күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл жұмыстар үш жыл ішінде толық аяқталып, мектептер жаңартылады деп күтілуде. Облыс әкімі кәсіпкерлерді осы іске қосылуға шақырды. Келер жылы облыста меценаттардың рес­публикалық форумы өткізілетіні де айтылды.

Кездесуде білім беру, мәдениет, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру, мемлекеттік тілді дәріптеу бойынша басқа да ұсыныстар айтылды. Жиналғандар мұндай бірегей қоғамдық институттың ТМД мемлекеттерінің ешқайсында жоқ екенін алға тартып, оның рөлін арттыру қажеттігін жеткізді.

Достық үйінде театр студия­сын ашу ұсынылды. Этно бірлестіктердің ұжымдары халық шығармашылықтарын және сұлулығын әспеттей алады.  Кейін облыстың барлық өңірлеріне гастрольге де шыға алады.

– Барлық ұсыныстарды талқылап, қарастырайық. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Біз оған дейін белсенді дайындалуымыз керек. Ұйымдастырылатын іс-шаралардың практикалық маңызы болуы тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Мемлекет басшысы айтқандай: «Ассамблея ұлттың құндылықтары мен ынтымақтастығының тиімді жолсерігі». Ассамблеяның барлық жобаларына жастарды белсенді тарту қажет. Бұл ҚХА жұмысының басты құрамдас бөлігі болуы тиіс. Этнобірлестіктердің басшылары сіздердің атқарған жұмыстарыңызды әрі қарай жалғастыратын ізбасарларыңызды баули беріңіздер, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button