Асық – тәрбие құралы
Асық – қазақтың ұлттық ойыны ғана емес, адазматқа ортақ тарихи жәдігер. Сырт көзге қос жілікті байланыстырып тұрған қарапайым сүйек болып қана көрінгенімен, оның мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Асық ойнап өскен бала ұлттың мәдениетін, дәстүрін бойына сіңіреді. Әрі, ойнай жүріп мергендік пен ептілікке дағдыланады.
Сөз басында тарих туралы айтып өттік қой. Кешегі Кеңестік идеологияның салқыны ұлттық болмысымызға орны толмас соққы жасап, талай құндылықтарымыз ұмыт қалды. Әйтпесе, ғасырлар бойы қанға сіңген, тұрмысқа дендей енген дүниелерімізді брендке айналдырып, әлемге танытуға болар еді. Мына қызықты қараңызшы, жер жаһанның назарына өзіне аударып, талайды тамсандырған Тутанхамон перғауынның мазарынан не бір құнды дүниелер табылды. Арасында асық бар. Жеті кереметтің бірі саналатын Пирамидаға тегін адам жерленбесі анық, әрі “өлімнен кейін өмір бар” деген сенімді нық ұстанған мысырлықтар табытқа марқұмға ең қажетті дүниелерді ғана салған. Асықтың құндылығын осыдан-ақ аңғара берсеңіз болады. Ал, ол біздің ұлттық ойындардың сапына кіреді. Сонда Тутанхомон перғауын асық ойнаған ба? Бүгінгі қазақ даласы мен сонау Мысыр перғауынының арасында қандай байланыс бар? Шешілмеген жұмбақ…
Хош, әуелгі тақырыпқа қайта оралайық. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев бір сөзінде “Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе” деген екен. Қарап отырсақ, асық ойындарының балаға берері мол. Ең алдымен, ол баланы ептілік пен шапшаңдыққа баулып, табандылығы мен қырағылығын жетілдіруге септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, асық ойнап өскен баланың жүйке-жүйесі тұрақты, ой-өрісі кең болады. Әрі, сақаны қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, мидың жұмысын жетілдіреді. Қазір білім беру ісінде шетелдік технология жиі қолданылады. Солардың арасында жаңалық ретінде “ұсақ моториканы” дамыту мәселесі көп айтылып жүр. Алайда, ол біздің халық үшін жаңалық емес, ежелден бар дүние. Тек, осы уақытқа дейін ескерілмеді, дұрыс көңіл бөлінбеді.
Архаизмге айнала бастаған асық спортын қайта жандандырып, жаңғыртуға елеулі еңбегі сіңген белгілі этнограф Бек Қарашиннің айтуынша, асық – халық дәстүрін, өткені мен бүгінін байланыстырушы құрал. Асық ойыны күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа, дүниетанымға сай қалыптасқан. Мәселен, ойындағы асықтың жатысының өзінде үлкен мән-мағына бар.
«Асық жатысының мағынасын: 1.адам денесі мүшелерімен салыстыра отырып; 2.адамның белгілі бір жағдайдағы қалпымен; 3.оның қоғамдағы әлеуметтік жағдайымен байланыстыра бейнелеуге болады. Осы уақытқа дейін асықтың осы мағынасына этнографтар арнайы назар аударған емес. Сол себепті, бұл түсініктемелеріміз де көбіне жорамал мен болжам ретінде қарастырылуы тиіс. Бірақ болжамсыз теория тумайды”, – дейді Бек Қарашин өз мақаласында.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлт руханиятын жаңғыртып, өшкенімізді жандыру жолында ерекше жол салып, бағыт-бағдар сілтеп берді. Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының және “Ұлы Даланың жеті қыры” мақаласының аясында ескерілмей, тасада қалып кеткен талай рухани байлықтарымыз зерттеп, зерделену үстінде. Бұл – тәуелсіздік жемісі.
Ержан ЖӘНІМХАН,
Қарағанды облысы,
Абай ауданы,
Дзержинск жалпы білім беретін мектебінің денетәрбиесі пәнінің мұғалімі