Ашық тергеу – заманауи үрдіс

   Алғаш көргенде «Абақты қатар-қатар болады екен…» деп үрке қараған қазақ қазір түрмедегі жағдайдың өзін тұрақтандырып, ашық амал әдістерін енгізуде…

Бұдан былай абақтылардағы тергеу амалдары ашық, жариялы түрде жүретін болады. Қазір Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев, Қаражал, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданындағы тергеу изоляторларында шынымен қапталған ашық бөлмелер ашылып жатыр. Яғни, бұрынғыдай емес, іштегі жағдай сырт көзге мәлім һәм тергеу бөлмелері бейнебақылауда.

Бейнебақылауы несі дейсіз ғой баяғы? Тергеу амалдарының қалай жүріп жатқаны бейнеқондырғы арқылы түсіріліп тұрады. Оны күдіктінің жақындары қаласа арнайы бөлмеге қойылған экран арқылы көріп отыруына болады. Жақынының құқығы жерге тапталған жағдайда ол прокурорға шағымдана алады.

Біз арнайы бас сұққан қылмыстық атқару жүйесі комитетінің АК-159/1 мекемесінде қазір дәл осындай 7 кабинет ашылды. Бұл бөлмелердің қабырғалары шынымен қапталған. Сондай-ақ, бөлмелердің әрқайсында бейнебақылау орнатылған. Тергеу амалдарының жай-жапсарын күдіктінің туыстары арнайы залға қойылған монитордан онлайн арқылы бақылап отырғанына біз осы жолы куә болдық. Осылайша, құқық қорғау органдарына жұрттың сенімі арта түседі деген амал.

Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаевтың айтуынша, бұрын тергеу амалдарының бәрі жабық кабинеттерде жүріп келген. «Ондай жабық орындарда адам құқығы толық қорғалып, қамтамасыз етілді деп айта алмаймыз ғой. Өйткені, оның ішінде не болып жатқанын тергеуші мен тергелуші ғана біледі. Осы жағдайды бақылауда ұстап, адам құқығын қорғау мақсатында ашық кабинеттер ұйымдастырып отырмыз», – дейді прокурор.

Мәселен, біз тергеу амалдары онлайн арқылы бақыланатын арнайы бөлмеге кіргенде, Ербол атты қала тұрғынына жолықтық. Ербол бұл мекемеге досының халін сұрай келіпті. Жолдасының осында күдікті ретінде тергеуде жатқанына екі айдың жүзі көрініпті. Бүгін серігін көзбен көру мақсатында азық-түлік пен басқа да қажетті заттарын ала келген ол:

Бұл тәсілді осында келуші адамдардың барлығы үшін тиімді амал деп ойлаймын. Бұрын-соңды болмаған жағдай ғой енді. Ашық түрде болғаны қандай жақсы?! Әйтпесе, қабырғаның ар жағында не болып жатқанын туысқандары қайдан біледі?! Енді, мынау тіптен қолайлы, нұр үстіне нұр деп ойлаймын, – дейді.

Жалпы, жұртшылық арасында «16» аталып кеткен мұнда өткен жылы 5 мыңдай тергеу амалы жүрген екен. «Оның бәрі қандай жағдайда өткенін толық бақылау қиындық тудырған еді», – дейді прокуратура өкілдері. Биыл облыс көлеміндегі осындай мекемелерде барлығы 32 кабинет ашылыпты. Бір ескеретіні, тергеу амалдарының жазбалары сақталады. Егер, тәртіп сақшыларының тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттер байқалса, күдіктінің туыстары арнайы органдарға шағымдана алады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.