Руханият

Асхат Оралов: Жас қаламгерлерге арналған Президенттің әдеби сыйлығы тағайындалады

Бүгін «Казмедиа» орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және архив ісі жөніндегі алқасының кеңейтілген отырысы барысында ведомство басшысы Асхат Оралов жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатын айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Төл әдебиетімізді жаңа дүниелермен толықтырып, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайту, отандық әдебиетке, баспа ұйымдарына тың серпін беруді көздейтін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Бұл бастамалардың бәрі отандық өнерге, мәдениет пен әдебиетке тың серпін сыйлаған жобаларға айналды. Рухани қазынамыз көптеген жаңа туындылармен толықты. Ендігі кезекте осы игі дәстүрді одан әрі өрістету мақсатымен биыл жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатын болады, – деді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мәдениет саласының қызметкерлері үшін халықаралық форум өтеді.

Сонымен қатар мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумын ұйымдастырамыз. Бұл сала мамандарының біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибені игеруіне мүмкіндік береді. Осы айтылған жұмыстардың жоғары деңгейде жүзеге асуына зиялы қауымның белсенді қатысуы өте маңызды. Қоғам мен жастардың тәрбиесінде аға буынның атқаратын рөлі зор, алатын орны ерекше,- деді министр.

Еске салайық, экс-министр Дәурен Абаев жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 18 – 29 жас аралығындағы авторларға берілетінін айтқан болатын.

Бүгінгі алқа мәжілісте Асхат Оралов, сондай-ақ былтыр шет елдерден Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құжат әкелінгенін атап өтті. Сонымен қатар, отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Парламентінің, ҚР Үкіметінің өкілдері, Министрліктің Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәдениет және архив басқармаларының, министрлікке бағынысты мәдениет ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері қатысуда.

Басқа материалдар

Back to top button