Руханият

Асқаралы алпыстың асуында

«60 жас дегеніміз – есеп беретін кезең емес. Бұл – «Еліме, халқыма не бере аламын?» деген шақ» дейді Қуаныш Мақсұтов. Ел арасында «Сары тентек» атанған ақын – асқаралы алпыста. Ақын Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында көпшілікпен кездесті.

– Жас кезімнен қасымда ақылшым, рухани ұстазым болған Жайық Бектұров еді. Ол қазақтың асылдарын, Алаштың ардақтыларының көзін көрген тұлға. Маған Ахметтің, Мағжанның, Әлиханның кім екенін, олардың бүкіл еңбектерін таныстырған сол кісі еді. Ол уақытта Алаш арыстары жайлы ешқайда айтылмайтын. Сол кісінің аты берілген кітапханада аруағына тағзым етіп, бір жақсы шара өткізсем деп едім. Бүгін мерейлі сәт туыпты. Мақсатым өнерімді насихаттау емес, Қазақстанды нығайтып, елдің жақсыларын дәріптеу. Осы салада жасап жатқан жұмыстарыма қолдау көрсеткен барша жанға алғысымды айтамын. Осы бір әдемі сәтте сіздермен көрісіп отырғаныма қуаныштымын, – деп сөз бастады қазақтың «Сары тентегі».

Шараға облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев, Қарағанды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияшев қатысып, ақжарма тілегін білдірді. «Amanat» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шаменов төраға Бекзат Алтынбековтің құттықтауын табыстады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, филология факультетінің деканы Елдос Түйте университет ректоры Нұрлан Дулатбековтің ықыласын жеткізді. Ал, Нұрлан Бикенов:

– Жұрт Сізді ақын, айтыскер, қоғам қайраткері, қоғам белсендісі ретінде жақсы біледі. Бұған дейін атқарған жұмыстарыңызды үлкендер жарыса айтып жатыр. Оның бәрі жастарға көрсетіп жатқан өнегеңіз деп білемін. Соңыңыздан ерген шәкірттеріңізге, бауырларыңызға жол көрсетіп, ақыл-кеңес беріп келесіз. Шәкірттеріңізге Сіздің жолыңызды берсін! Немерелеріңіздің қызығын көріңіз! – деді.

Ақынның «Мəңгілік мұңның əуені» атты бард туындылары мен шансондарының альбомы көпке белгілі. Бұл альбом 16 жыл бойы дайындалып, 2013 жылы Мәскеуде жарыққа шыққан. Альбомға енген әннің сөзін де, музыкасын да жазған – өзі. Осы еңбек негізінде әлемдік музыкада «Қазақ барды», «Қазақ шансоны» деген жаңа стиль қалыптасты. Шара барысында ақын осы бір альбомына енген өлеңдерін көпшілікке орындап берді. Сонымен қатар, жыр жинағынан да үзінді оқып, көпшілікке жырдан шашу шашты.

– Ақын – адам жанының шырақшысы. Қуаныштың ерекше қасиеті, бойындағы талантын айтысқа бағыттағаны. Сексенінші жылдары Қазақстанда өріс алған ақындар айтысының көшін бастады. Кеңестер одағы кезінде биліктің кемшілігін айтып, қоғамды түзету барысындағы өзінің батыл ойын айтқан жандардың бірі. Батылдығының арқасында «Сары тентек» атанды. Ол атты халық өзі қойды. Себебі, Кеңес одағы билікті өз қолында ұстап тұрған кездері биліктің кемшілігін сынау – нағыз батылдық еді. Қуаныш – айтыскер ақындардың ізін жалғастырушы. Ал, айтыскер ақынның жауапкершілігі жоғары. Майданда батырлар жаумен қалай бетпе-бет шайқасса, айтыскер де дәл солай еді. Сонымен қатар, Қуаныштың бойында ерекше бір қасиет бар. Біз оны идеялардың «генераторы» дейміз. Себебі, қоғамға қажетті проблемалық тақырыптарды тауып, бүгінгі күннің әдеби айналымына енгізуде. Біз осы еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді өлкетанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқанов.

Ақын өткен жылы Шабанбай бидің туған жерінде ескерткіш орнатып, үлкен ас беруді ұйымдастырған еді. Сонымен қатар, Қызылордада «ТҮРІКСОЙ» ұйымының бастамасымен өткен үлкен шараға Алаш қайраткерлерінің, қазақтың тарихи тұлғаларының, Ә.Ермеков пен Д.Ермекова-Жүргенованың өмірін зерттеп әрі насихаттап жүрген қайраткер, ақын ретінде қатысып қайтты. Осындай игі шаралардың басы-қасында жүріп, өскелең ұрпақ үшін еңбек етіп келеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button