Бас тақырыпРесми

Асқар Мамин Қарағанды облысындағы жаңа өндіріс орындарымен және инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Премьер-Министр Асқар Мамин Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының, Жұмыспен қамтудың жол картасының іске асырылуын, сондай-ақ Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын бақылау аясында өңірге жұмыс сапарымен барды.

Үкімет басшысы «Сарыарқа» АЭА-ға барып, онда «Steel Manufacturing» ЖШС патрон зауытының бірінші кезегін іске қосты.

Сонымен қатар Асқар Мамин «Seven Refractories Asia» ЖШС отқа төзімді материалдар шығаратын зауытының қызметімен танысты. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1,7 млрд теңгені құрады, 70 жұмыс орны ашылды. Зауыт қызметкерлері Еуропада оқып, кәсіби біліктіліктерін шыңдаған. Өндірістік қуаттылығы — жылына 38 мың тонна өнім. Ол негізінен Ресейге және  Қырғызстанға экспортталады, сондай-ақ «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорындарына жеткізіледі.

Премьер-Министр жыл сайын жалпы көлемі 120 мың тонна болат және шойын өнімдерінің 900-ден астам өнім түрін шығаратын «Qaz Carbon» ЖШС құю зауыттарының бірлестігіне барды. Зауытта 1200-ден астам адам жұмыс істейді.

Асқар Мамин жаңа ферроқорытпа зауыты мен көмір байыту фабрикасының құрылысымен танысты. Инвестицияның жалпы көлемі 36,2 млрд теңгені құрайды, жобаларды іске асыру құрылыс кезеңінде 1 700-ден астам, ал оны пайдалану кезеңінде 510 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістер жыл сайын 57 мың тонна ферроқорытпа, 240 мың тонна агломерат және 1,7 млн тонна күлі аз, байытылған көмір шығаруға жол ашады. Екі жоба қоршаған ортаны қорғаудың заманауи талаптарына сәйкес келеді. 

Үкімет басшысы Қарағанды қаласының автожол, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымын жөндеу және салу жобаларының, оның ішінде Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асырылуын тексерді.

Асқар Мамин «Global City» көтерме-тарату орталығында (КТО) болып қайтты, оны биыл жазда пайдалануға беру көзделген. Ауданы 60 га КТО (2023 жылға қарай 100 га дейін кеңейтіледі) құрылыс жұмыстары мен оны пайдаланудың барлық кезеңдерінде 5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және «Солтүстік ‒ Оңтүстік» желісі бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің ағынын қамтамасыз ете отырып, ҚР ұлттық тауар өткізу жүйесіндегі ең ірі нысанға айналады.

Қарағанды облысының Саран қаласында «Yutong» маркалы автобустар мен арнайы мамандандырылған техника шығаратын зауыт салынады. Премьер-Министр  Асқар Маминнің өңірге сапары аясында тиісті меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі шамамен 23 млрд теңгені құрайды, 1 100 жаңа жұмыс орны ашылады, жылдық жобалық қуаттылығы — 1 200 автобус және 500 дана арнайы техника. Бұл Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар өнімдерді ЕАЭО елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

https://primeminister.kz/kz

Басқа материалдар

Back to top button