Басты тақырыпСпорт

Асқақ армандар додасы

    Сенбі күні спортсүйер қауым аймақтың бас көшесі – Республика даңғылында бас қосты. Қоңсы жұрттардан да ат арытып, арнайы келгендер бар. Себеп – біреу. Облыс орталығында «Арманға жол!» жартылай марафонының жалауы желбіреді.

«Күліп тұрып, жылай салатын» Қарағандының ауа райы бұл күні жарқын қабақ танытты. Көкжиектен көтеріле төгілген күн нұры спорт мерекесінің думанын еселей түсті.

Марафон тоғызда басталды. Бұл үшін даңғыл бойы жабылды. «Қарағанды – Арена» сарайының алаңына қарақұрым халық жиналды. Бір сайыскердің жанында – бір топ жанкүйер. Әулеттерімен қолдау білдіруге келгендер де жүр. Марафон нағыз отбасылық мерекеге айналды.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов, даңқты марафоншы Марат Жыланбаев, Лондон Олимпиадасының чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев және тағы басқа есімі елге танымал бірқатар азаматтар құрметті қонақтар қатарынан орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, марафонға бес мыңның шамасында адам қатысыпты. Бұл – жартылай марафон үшін рекордтық көрсеткіш. Жеңіл атлет Дмитрий Карпов бастаған ұйымдастырушылар мұндай нәтижені күтпегенін айтуда. Марафонға қатысу үшін ел өңірлерінен бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келгендер қарасы мол.

Желаяқтар 4 қашықтық бойынша жарысты. Ең жас жүгірушілер үшін «Балапан» қашықтығы ойластырылған. Мұнда 10 жасқа дейінгі балдырғандар 1 шақырымға жүгірді. Өзге қатысушылар «Достық» – 5 шақырым, «Спутник» – 10 шақырым және «Арманға жол» – 21 шақырымдық додада мықтылық сынасты.

Марафон барысын қадағалауда жаңашыл қондырғы қолданылды. Жүгірушінің номері жазылған қағазға арнайы чип бекітілді. Даңғыл бойын айнала жүгірген марафоншы мәре сызығын кескен сайын қондырғы микросхемадан түскен ақпаратты саралап, жүгіріп өткен қашықтықтың есебін шығарып отырды.

Марафон тұсауы «Балапан» қашықтығымен қиылды. Бір шақырымға жарысқан балалар жарысында астаналық Мирас Аханов бірінші келді. Ең жас жеңімпазды аймақ басшысы марапаттады. «Талабыңа нұр жаусын!», – деген Ерлан Қошанов Мирастың болашақта биік шыңдардан көрінеріне сенім білдірді.

Мирас – он жаста. Жеңіл атлетикамен алты жасынан бастап айналысады. Осыған дейін екі марафонда көш бастапты. Әңгімесінен келешегінен үміт күттірер азамат өсіп келе жатқанын аңғардық.

Мирас АХАНОВ, марафоншы:

Арманым – жеңіл атлетикадан әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы атану. Сондықтан, осы шақтан жаттығуға ден қоюдамын. Күнделікті жүгіріп жүрмін. Отанымның Көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретсем деймін.

Балдырғандар жарысынан кейін ересектер бәсекесі басталды. Ерлер мен әйелдер бөлек сынға түсті. Бес шақырымда Әлімжан Балтабек пен Василиса Фархутдинова топ жарды. Әр жеңімпазға 50 мың теңгеден табыс етілді.

Он шақырымдық сайыста Құдайберген Зейноллаев пен Татьяна Нерознак қара үзді. Бұлар 150 мың теңгеге ие болды.

Марафонның басты додасы – 21 шақырымдық қашықтықта елге танымал бірнеше жігіт жүгірді. «Бастысы – жеңіс емес, қатысу!» деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев, депутат Серік Сәпиев өз істерімен елге өнеге көрсетті. Салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосты.

Ал, риддерлік Андрей Лейменов (ШҚО) пен алматылық Мария Карабицкаяға жүгіруде тең келер жан табылмады. Желаяқтар марафонның бас жүлдесі – 300 мың теңгенің сертификаттарын иеленді.

Риддерлік марафоншы ең үздік нәтижені көрсетті. 21 шақырымды 1 сағат 15 минутта бағындырды. Биыл отыз жасқа толған Андрей он бес жасынан жеңіл атлетикаға бет бұрған. Республикалық чемпионаттардың бірнеше мәрте жеңімпазы.

Жастау кезімде 1500 және 3000 метр қашықтықтарға жүгіретін едім. Қазір 5 және 42 шақырымдарда жарысып жүрмін. Жаттығу барысында күніне 25-40 шақырым жүгіремін. Бұл жарыс қиынға соқты. Бір бағытта желге қарсы, өрге қарай жарыстық. Көп күшімді жұмсап қойдым. Бұл қашықтықты жүгіріп өту, тек, тыңғылықты дайындалған спортшының ғана қолынан келеді, – дейді Андрей Лейменов.

Жеңімпаздарға жүлделерді есімі аңызға айналған марафоншы Марат Жыланбаев тапсырды. Марафоншы Қарағанды өңірі үшін бөтен емес. Қарқаралыдағы Қасым ауылының тумасы. Жеті мәрте Гиннесс рекордтар кітабына енген жалғыз қазақ. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Әлемдегі ірі шөлдердің барлығын жүгіріп өткен. Азиядағы Қарақұмды (1200 шақырым) 20 күнде, Африкадағы Сахараны (1700 шақырым) 24 күнде, Аустралиядағы Үлкен Викторияны (1600 шақырым) 22 күнде, Солтүстік Америкадағы Неваданы (1218 шақырым) 17 күнде бағындырған. Әйгілі жерлесіміздің әңгімесін тыңдау баршамызға қызықты болды.

Марат ЖЫЛАНБАЕВ, марафоншы:

Бастысы – ниет болуы. Шаршасаң, жүгіруге шамаң қалмаса, аяғыңды тынықтырып алу үшін шамалы жүр. Жүгіру арқылы ағзаңды шынықтырасың. Мың түрлі дерттен құтыласың. Қолымда болса, барлық адамды дұрыс жүгіруге үйретер едім. Мен өз тәжірибем негізінде кез келген жаннан бір айдың ішінде 10 шақырымға қиналмай жүгіретін марафоншы дайындап шығара аламын. Сондықтан, жүгіріңіздер. Бос жүрмеңіздер.

Келер жылы марафон қашықтығы ұзара түспек. Яғни, қатысушылар дәстүрлі 42,192 шақырым қашықтыққа жүгіреді. «Арманға жол!» – арманға бастар даңғылға айналмақ.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button