Қаржылай көмек көрсетілді
Приозерск қаласының әкімдігі әлеуметтік мақсаттағы жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұқтаж жандарға кедергісіз келешек қалыптастырып, қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ету үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Қалада арнайы комиссия құрылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрмысымен танысқан. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жандандыру үшін шаһарда шартты ақшалай көмек ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Приозерск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ұлан Алмас мәлімдеді.
– Приозерск қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасы негізінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Әлеуметтiк көмектiң шектi шамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес күнтізбелік жылға бекітілген 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 77 адамға, яғни, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын 50 адам, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар 11 адам, бас бостандығынан айыру орындарынан шығып келген 2 адам, өрттің салдарынан зардап шеккен 2 адам, көпбалалы 4 отбасы және аз қамтылған 8 отбасыға тамақтануға және емделуге жалпы сомасы 7 млн.127 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді, – дейді Ұлан Алмас.
Бөлім басшысының айтуынша, атаулы күндер мен мереке күндеріне орай, Ауғанстан соғысының жеті ардагеріне – 200 мың теңгеден, әлеуметтік маңызы бар 65 науқасқа, 470 көпбалалы анаға 5 мың теңгеден, тәжік-ауған шекарасында әскери қақтығыстарға қатысқан бес әскери қызметшіге, Ирактағы бітімгершілік операцияларға қатысқан бір әскери қызметшіге, Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан бір адамға 200 мың теңгеден және Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген бір адамға 100 мың теңгеден, бес тыл еңбеккеріне 30 мың теңгеден, 18 жасқа дейінгі 31 мүгедектігі бар балаларға 5 мың теңгеден жалпы сомасы 6 млн. 30 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілген.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК