Қаржыгерлерді құттықтады
Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күніне орай, Қарағанды қаласының әкімдігінде қаржы мамандары, экономист, банк саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен сала ардагерлерінің салтанатты кездесуі өтті. Шараға шаһар басшысы Нұрлан ӘУБӘКІРОВ қатысты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Бұл күн соңғы жылдары қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып келеді.
Қала әкімі Нұрлан Ерікбайұлы әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қала дамуының жаңа кезеңдері мен қаржы саласы жайында сөз қозғады. Негізі, Нұрлан Ерікбайұлы өз еңбек жолын ҚарМУ-дың экономика факультетін тәмамдай сала қазына мекемесінде бастаған еді.
– Жұмысы қаржы саласымен тығыз байланысты барлық қарағандылықтарды Ұлттық валюта күнімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, қарқынды даму мен биік белестердің бағындырылуын тілеймін, – деді Нұрлан Әубәкіров.
Өз тілшімізден.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.