ЖаңалықтарБас тақырып

Бүгін – Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің туған күні

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің есімі – ұлт тарихындағы ерлік пен табандылықтың айрықша нышаны. Авиация генерал-майоры, КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры әрі Қазақстанның Халық Қаһарманы атанған Тоқтар Оңғарбайұлының өмір жолы – қарапайым еңбек адамынан ғарыш кеңістігін бағындырған тарихи тұлғаға дейінгі тұтас бір тағылымды мектеп.

Суреттер автордан

Бүгінде батыр ағамыздың ғибратты ғұмыры мен ерлік жолы өзі туған Қарқаралы өңіріндегі тарихи-өлкетану музейінде кеңінен насихатталып келеді. Қазақтың тұңғыш ғарышкеріне арналған алғашқы арнайы экспозиция 1990 жылдардың соңында ашылған. Кейін жаңартылып, 2020 жылы жеке «Космос» залы жасақталды. Зал төріндегі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің макеті 1991 жылдың 2 қазанындағы тарихи сапарға бірден жетелеп әкетеді.

Тоқтар Әубәкіровтің Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінде киген кителі, ұшқыш баскиімі, курсанттық және әскери қызмет жылдарындағы фотосуреттері оның ғұмырының сәулелі сәттерінен сыр шертеді.

Музей қорындағы ферросиликоалюминий мен кристалдық кремний үлгілері де жай ғана өндірістік жәдігер емес. Олар ғылым, металлургия және ғарыш зерттеулерінің өзара байланысын танытады. Осы тұрғыдан алғанда музейдегі «Космос» залы – өткенді тамашалайтын орын ғана емес, ғылымға, ізденіске және биік мақсатқа жетелейтін таным алаңы дер едік.

Музейдегі ең қымбат жәдігерлердің бірі ғарыш кемесіне де, әскери авиацияға да қатысы жоқ. Ол – Тоқтар Әубәкіровтің әкесі Әубәкір ұстаның өз қолымен жасаған шоқсалғышы.

Шоқсалғыш – ішіне қызған шоқ салып, үстіне шай құманын қойып жылытуға арналған тұрмыстық бұйым. Қазақ ауылының күнделікті тіршілігінде пайдаланылған қарапайым құрал. Әйткенмен, осы бір шағын ғана жәдігердің бойына тұтас әулеттің тарихы, перзенттік сағыныш пен туған жерге деген іңкәрлік сыйып тұр.

Тоқтар Әубәкіров әкесінен ерте айырылған. Сондықтан, есейген шағында ауыл қарияларынан әкесі жайлы естеліктерді жиі сұрап, оның қолынан шыққан қандай да бір бұйым сақталған-сақталмағанын білгісі келген.
Бұл өтініш ауыл тұрғыны Рымбикеш Қыныбаева арқылы оның апасы Гүлзибаға жетеді. Гүлзиба апай 1953 жылы Егіндібұлақ өңіріне тұрмысқа шыққанда, әкесі жасауына Әубәкір ұста арнайы соққан шоқсалғышты қосқан екен. Арада талай жыл өткенде сол бұйым өзінің шын иесін тапты.

Гүлзиба апай шоқсалғышты Тоқтар Әубәкіровке өз қолымен табыстағанда, ғарышкер ерекше толқыған. Кейін Тоқтар ағамыз шоқсалғышты музейге сыйға тартты. Қазір ол Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің Ақжол ауылындағы бөлімінде сақтаулы.

Ғарышкер ғұмырына зер салғанда, биіктік пен тамырдың бір-біріне қарсы ұғым емес екенін аңғарамыз. Керісінше, тамыры терең адам ғана биікке нық көтеріледі.
Тоқтар Әубәкіровтің тұғырлы биігі – аспанда. Ал, терең тамыры – туған жерінде.

Сәтбек СЛАМБЕКОВ,
Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button