Ғарыш тарихы залы ашылды

    Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Ел Тәуелсіздігінің және қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ ғарышқа ұшқанына 25 жыл, сондай-ақ, адамзат баласының ғарышқа сапар шеккеніне 55 жыл толуына орай, ғарыш тарихының залы ашылды. Бұл бірегей көрме залы «Жезқазған – ғарыш айлағы» деп аталады.

Ғарыш тарихынан сыр шертетін залда негізінен бұрынғы облыстық атқару комитетінің қызметкері, жезқазғандық коллекционер Дмитрий Грудейдің тірнектеген мұралары қойылған. Оның жеке жинақтауымен Жезқазған жеріне табандары тиген ғарышкерлердің 84 фотосуреті, 27 медальон, 62 кәдесый, 69 кітап, ғарышкер Олег Макаровтың жаттығу костюмі, төсбелгілер сияқты барлығы 1817 жәдігер бүгінде музей құндылығына айналған. Сондай-ақ, құрамында Айдын Айымбетов болған «Союз ТМА-18 М» ғарыш кемесі люгінің есігі, Юрий Гагариннің жаттығу кезіндегі бас киімі, зымырандардың шағын үлгілері тәрізді көптеген басқа да жәдігерлермен танысуға болады. Жалпы ғарышқа адам ұшу тарихы 1961 жылдан басталса, ғарышкерлердің Жезқазған жеріне қонуы 1962 жылдан басталады. Тұрақты жұмыс істейтін көрме залы сол кезеңнен бергі ғарыш тарихынан қызықты сыр шертеді.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.