Ғарышқа адам ұшқан күн

Тоқтар ағамыз ғарышқа ұшқанға дейін, тәжірибелі ұшқыш ретінде өз қабілетін танытқан. Ол КСРО-да МиГ 29К истребителін «Тбилиси» крейсерінен истребительге арналған трамплиннің көмегімен алғаш ұшырды. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тіккен. Ұшақтың трамплиннен түскендей төмен қарай зулап келіп, бірден көтеріліп кетуі маторына байланысты. Ұшқыш тағдырын секундтар шешеді. Титтей іркілсе, судың астына кетеді. Арқаның сарыдаласында еркін өскен ержүрек Тоқтар ӘУБӘКІРОВ сол секундтар арасында құлдилап та, көтеріліп те үлгерген. Авиация тарихындағы тұңғыш рет осы әдіспен ұшқан қазақ баласының бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізіліпті.

Жердің иісі

Қазірге дейін қазақтың үш батыры аспан көгіне ұшты. Олар – Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-шы, Талғат Мұсабаев 309-шы, Айдын Айымбетов 545-ші ғарышкері. Қазақтың осы үш аяулы перзенті де көптеген биік марапатқа ие.      

Тоқтар Әубәкіров ғарышты зерттеудің 1-ші бағдарламасын, Талғат Мұсабаев 2,3,4-шісін, ал Айдын Айымбетов 5-ші бағдарламасын жүзеге асырды.

Бір қызығы Тоқтар Әубәкіровпен бірге Александр Волков ғарышқа аттанса, 24 жылдан соң Айдын Айымбетовпен бірге оның ұлы Сергей Волков көкке ұшқан.

Әлем елдері 12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күнін 2011 жылдан бері тойлап келеді. Бұл атаулы күн елімізде де жыл сайын аталып өтіледі. Ал, Тоқтар ағамыздың шаңырағында бұл күні кең дастархан жайылып, келген қонақтың бәрі күтіледі.

«Жердің иісі ерекше болады екен. Жер басып жүргенде байқамаппын. Ғарыштан Жер-Анама қайтып келгенде оның иісін ерекше сездім» депті Тоқтар ағамыз бір сұхбатында.

Ол ғарышқа экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» кемесімен ұшып, бір апта бойы «Мир» орбиталық кешенінің бортында жұмыс істеп, зерттеу жұмысын жүргізген.

«Тоқтар» картобы

Ғарышқа ұшуды кез келген жан армандайды, бірақ қолын жеткізетіні ілуде біреу. Сондай-ақ, оған жеке психологиялық және физикалық дайындық, мақсатты бағдарлама, қоғамға, адамзатқа пайдалы іс тындыруға да үлкен ғылыми ізденіс пен темірдей төзім, ынта қажет. Тоқтар ағамыз бұл жағынан қазақтың абыройын асқақтатып, онда жүргізген зерттеулері арқылы жер бетінің игілігіне ізгі іс тындырып оралды.

Онда командасымен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Осылайша, ол жай саяхатшы емес, қазақтан шыққан тұңғыш зерттеуші-ғарышкер екенін әлемге дәлелдеді.

Ал, 2003 жылы Алматыдағы молекулалық биология және биохимия институты картоптың жаңа сұрыбын ойлап тауыпты. Ғарышқа жіберілген дән өсіп шыққан соң, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров дәнді жерге алып келеді. Бұл қазақ ғылымында «Тоқтар» картобы деген жаңа сұрыптың тууына негіз болған.

Ал, Талғат Мұсабаев 3 рет ғарышқа ұшып, онда 1 жылдай уақыт болған. 2005 жылы «Байқоңыр «ғарыш айлағында» Бәйтерек «ғарыш зымыран кешені «Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ құруға атсалысып, оның басшысы лауазымына тағайындалған.

Қазір ғарышты зерттеу саласы елімізде дұрыс жолға қойылған. Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапарынан соң, Нұр-Сұлтан қаласында ТМД елдерінде баламасы жоқ ғарыш аппараттарын құрастырып, сынау кешені құрылды. Онда жобалау, жинау жұмыстары жүргізіліп, жер серіктері сыналады. Мұндағы басты мақсат – осы техникалар арқылы ел дамуына заманға сай көмек көрсету. Өйткені, қазір көптеген экономикалық, экологиялық мәселені шешуде ғарыштан түсірілген суреттің көмегі мол.

Арманға қанат бітірген

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімінде: «Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды» деп тебіренген екен.

Осындай қазақтың жүрегі түкті ерлерінің ерліктері қаншама жастың арманына қанат бітіріп, болашақ мақсатын айқындауға күш-жігер бергені сөзсіз. Талай қазақ баласын ғарышкер болуға құлшындырып, аспан көгіне деген ынтызарлығын оятқаны ақиқат. Сондықтан, бұл күнді қазақ халқы ерекше ыстық естеліктермен жыл сайын күтеді.

– Ю.Гагарин ғарышқа ұшқанда қыстақта едік, 10 класты бітірген кезім. Ауданнан әкелген су жаңа «Родина» радиосы бар-тын. Мәскеуден белгілі диктор тебірене хабарлады. Мен сонда өзім ғарышқа ұшқандай күй кештім. Көршілер жиналып, бір-бірімізге сүйіншіледік. «Бұл – ғылымның, адам баласының жетістігі ғой» деді, әкем риза болып. Шабыттанып: «Дүбірінен арғымақтың желісті, буырқанып, дүр сілкінді жер үсті. Аттандырып, азаматын аспанға, тілеп жатты оралуын жемісті» деп басталатын 2 шумақ экспромт та жазғам. Ал, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда, қуаныштан көзге жас алдық. Қазақтың атын әлемге танытқан батырымызды мақтап, есімін аңыз қылып айтып жүрдік. Бұл туралы «Қазақ батыры» деген көлемді мақала жазып, аудандық газетке жарияладым, – деп еске алады ақын, қарт ұстаз Амантай Тойшыкенов.

Ғарышты қиялмен шарлаған

Ю.Гагарин ғарышты бағындырғанда қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер, енді…» деп күллі әлемге жар салды. Бұл дер кезінде туған тарихи туынды.

Ал, Тоқтар Әубәкіров ғарышты бетке аларда белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Батыр қазақ» очеркін жазған. Ал, кезекті бір мақаласында Тоқтар ағамызды қазақ жұртына тұңғыш рет таныстыра отырып: «…Ол Тоқтар Әубәкіровтің туған жер төсінен, Байқоңырдан космосқа сапар шегуге мүмкіндік алуы болып отыр… Өйткені, біз үшін қазақ азаматының ғарышқа ұшуы – қазақ жерінің осыған дейін космосты игеруге қосқан орасан зор үлесінің символы іспетті көрінері хақ…» – деп тебіреніпті.

Кейін Тоқтар ағамыз жайлы ғарышты қиялмен шарлаған белгілі қаламгерлер Мағауия Сембай, Нұртөре Жүсіп, Қайнар Олжай, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Аман Жанғожин, Ерсін Мұсабек сынды бірқатар аға буын өкілдері қалам тербеп, оны әр қырынан танытты.

Түйін

Адамзаттың ақыл-ойы дамып, ғарышты игеруге 1961 жылдың 12 сәуірі, Мәскеу уақытымен 09:07-де «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Восток-1» ғарыш кемесімен аспан әлемін бетке алды. Осылайша, қазақтың қасиетті топырағы адам баласын алғаш ғарышқа аттандырды. Содан бері барлығы 38 елден 545 ғарышкер көкке самғапты. Ал, 1991 жылы 2 қазанда Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров ғарышқа экспедициялық сапармен ұшып, сонда 7 күн 22 сағат, 13 минут болып қайтты. Биыл адам баласы ғарышқа аяқ басқалы 60 жыл өтсе, қазақ ұлының ғарышқа табаны тигелі 30 жыл. Ғарышқа тұңғыш ұшқан қазақ баласы Тоқтар Әубәкіровтің ерлігі елімізде көптеген жаңа бастамаға жол ашты. Ал, болашақта қазақтан әлі талай ғарышкер туарына бек сенеміз!

Жәлел ШАЛҚАР