Руханият

Қару мен қалам құдіреті

Қазақстанның Халық қаһарманы, атақты партизан-жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қасым Қайсеновтің 105 жылдық мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың абонемент бөлімі қызметкерлері Қарағанды жоғары медицина колледжінде «Қаһарман ұлы қазақтың» атты тарихи сағат өткізді.

Кеш жастарды партизан жазушы Қ.Қайсеновтің өмірі һәм шығармашылығымен тереңірек таныстыру, батырдың ерлік істерін ұрпаққа үлгі ету және отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жылға жуықтаса да, жас ұрпақ майдангерлер ерлігін ұмытпайды. Әсіресе, қазақ жауынгерлері батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске елеулі үлес қосқан.

Іс-шарада Қасым Қайсенов туралы тың деректер айтылып, даңқты тұлғаның майдандағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі ел дамуына қосқан ерен еңбегі тілге тиек етілді.

Шара барысында 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде соғыс тактикасын үйренгеннен кейін, жау қолында қалған Украин жеріне барған Қасым Қайсеновтің партизандық жолы жайлы бейнебаян көрсетілді. Бұл жастарды қызықтыра түсті. Қатысушыларды кітапханашылар Қ.Қайсеновтің қаламынан туған көркем шығармаларымен таныстырды. Оның Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін, жастарға патриоттық рух беретін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала» шығармалары студенттерді кітап оқуға ынтықтырып, бірнешеуі кітапханаға оқырман ретінде тіркелуге ниет білдірді.

– Біз қаладағы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Олар оқу бітіргенде өз мамандығының иесі ғана емес, рухани бай, жігерлі болып шыққанын қалаймыз. Осындай ақпараттық-тарихи сағаттар оларды кітап оқуға қызықтырады. Бүгін де солай болды. Жалпы, Қасым Қайсеновтің өмірі мен жазушылық, қайраткерлік жолы өте қызықты ғой. Сондықтан, студенттер шараға белсене қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деп атап өтті абонемент бөлімінің басшысы Мейрамгүл Төлеуғазықызы.

Шара соңында Қ.Қайсеновтің шығармашылығына арналған Kahoot платформасында интерактивті викторина және «Ерлік елге мұра-ұрпаққа ұран» атты кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды. Қатысушылар викторина сұрақтарына үлкен қызығушылықпен жауап беріп, сыйлықтар жеңіп алды.

Қасым Қайсенов – жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен партизан жауынгер. Соғыстан аман-есен оралып, бар өмірін елдің өсіп-өркендеуіне арнаған. Қаруын қаламға айырбастап, көрген-білгенін, түйгенін ақ параққа түсіріп, ұрпаққа мұра еткен біртуар тұлға. Батыр жайлы ел арасында түрлі аңыз да бар. Осы іс-шара Қасым Қайсеновтің қаруы мен қуатты қаламының құдіретін ұқтырғандай.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button